«Хәкімге емес, әкімге бас иіп қайтқандай әсер» – Талғат Теменовтің науқаншылық туралы пікірі

Жаңалықтар
view 413
news

Фотосурет ашық дереккөзден

Қазақстанда соңғы жылдары ұлт үшін маңызды даталар мен тұлғалар жаппай рәсімнің, есеп пен сыртқы эффектінің нысанына айналып барады. Мыңдаған адам жиналған мерейтойлар, миллиондаған қаржы игерілген шаралар қоғамды ойландырудан гөрі, ресми статистиканы толтыруға көбірек қызмет еткендей әсер қалдырады.

Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов бұл үрдістің тамыры тереңде жатқанын айтады. Оның пікірінше, Абайдың мерейтойы кезінде байқалған жаппай белсенділік – рухани тереңдіктен гөрі әкімшілік лоялдылықты алға шығарған көрініс болды. Хакім Абайдың орнына мінбер мен лауазым алдыңғы қатарға шықты.

Бүгін дәл осы модель Желтоқсан тақырыбында да қайталанып отыр. Әлеуметтік желілер жасанды интеллект көмегімен «тірілген» суреттерге, эмоцияға құрылған видеоларға, архивтен жұлқып алынған материалдарға толды. Бірақ бұл қарбаластың артында шынайы қоғамдық сұрақтар жауапсыз қалып отыр: тәуелсіздіктің мазмұны неге жұтаңдады, азаттықтың жемісі кімнің қолында қалды, ұлттың арманын кім және қашан жоғалтты?

Автордың айтуынша, қоғамда бүгін «әр кәллада бір қиял» емес, мың кәллада бір қиял ғана қалған. Бұл — көпшіліктің ішкі күйзелісі мен іске аспаған армандардың көрінісі.

Осы ойларын Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялады, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.

Кампания… кампанейщина… Науқаншылық… Қазақша баламасы – ел-жұрттың топырлап, жабылып, бір іске жаппай кірісуі. Жоқ, асар басқа. Бұл – басқа ұғым. Бұл – науқаншылық.

Жазда Абайдың тойында дәл осындай көрініске куә болғанмын. Сол кезде Семейге келген сексен сегіз мың адамның бір-екеуін есептемегенде, бәрі ауыздарынан суы құрып, хәкімге емес, әкімге бас иіп қайтқандай әсер қалдырды. Сонда ойлағаным бар еді: Абай мен үшін науқаншылық емес. Қазір де сол ойым өзгерген жоқ.

Бүгін Желтоқсанды бәрі жазып жатыр. Жасанды интеллект арқылы суреттер «тіріліп», видеолар түрленіп, бұрын-соңды жарық көрмеген мақалалар, фотолар, архивтегі дүниелер әлеуметтік желіні сиырдың желініндей сауып жатыр. Ал меніңше, мәселе бұнда емес.

Меніңше, біздің қоғамда – социумда – Үлкен Ой жүріп жатыр. «Әр кәллада бір қиял» емес… мың кәллада бір қиял.

Үлкен толғаныстың астарында терең күрсініс бар. Оның түбінде іске аспаған Арман жатыр. Қанаты қиылған қиял, жүзеге жетпей қалған жоспарлар… Қолдан сусып кеткен мүмкіндік…

Орыста «упущенный шанс» деген тіркес бар. Мүмкіндікті Алла біреулерге берген, біреулерге бермеген… Алаштың ардалары армандаған Арман – күн біздің елде туған еді-ау… Күні кеше Тәуелсіздігімізді тойлап, Көк туымызды көкке көтерген жоқпыз ба? Қаншама Арман сол күні өмірге келді… Қаншама жоспар қанат қағып, қалықтап ұшты…

Меніңше, өмірдегі ең қиын нәрсе – Арманыңнан, Мақсатыңнан айырылу. Адасып қалу… Сол – өкінішті…

«Жара жазылғанмен, ізі қалады. Кейде тіпті сыздап тұрады», – деп Шыңғыс Айтматов айтқандай, бұл – сол жаралардың сыздаған шағы.

Ел-жұрттың бүгін Желтоқсанды жоқтауы – қазақтың ар-ұяты тапталғанына, аққан қан мен төгілген көз жасының босқа кеткеніне деген ішкі наласы. Иә… Тәуелсіздігіміздің жеңісі мен жемісін Айдың күннің аманында қолдан шығарып ала ма деген алаң да бар.
Соншама қиындықпен келген Азаттықтың жемісі зая кете ме деген қорқыныш… Міне, гәп қайда. Қазіргі идеологтар, саяси технологтар, тарихшылар, ақын-жазушылар осыны мұқият зерттеуі керек. Қоғамның тамырын дөп басып, нақты диагноз қоюы қажет.

Әйтпесе… бұрқ-сарқ етіп қайнаған қазан бір күні көпірігі кемерінен асып, тасып төгілсе, жағдай қиын болады. Ең алдымен, оның сорпасы қазаққа күйік боп тиеді… Менің алаңдауым – осында. Уақыт барда қам жеген жақсы деген ой ғана.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *