Алматыда таңғажайып жағдай: Келіншек жүкті екенін босанатын күні ғана білген
Фотосурет: видеодан скриншот
Алматыдағы жеке клиникалардың бірінде ерекше жағдай болды. Әйел ішінің ауырғанына шағымданып дәрігерлерге жүгінген, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Алайда тексеру кезінде кенет ол жүкті екенін білген. Медициналық орталықтың хабарлауынша, емделуші асқазан-ішек жолдарында ауруым бар деп ойлап, қабылдауға келген.
Әйелдің айтуынша, соңғы айларда оның салмағы күрт өзгерген: алдымен қатты арықтап, кейін тез салмақ қосқан. Тексеру барысында мамандар УДЗ (УЗИ) жүргізіп, нәтижесінде жеті айлық жүктілікті анықтады.
«Сонымен қатар, дәл қаралу кезінде емделушінің толғағы басталды. Гинекологтар Бибігүл Серікқызы мен Адия Бақтиярханқызы бастаған дәрігерлер тобы анестезиологтармен бірлесіп, жедел түрде қажетті көмек көрсетіп, оны босандырып алды», – деп хабарлады клиникадан.
Дүниеге дені сау қыз бала келді. Бұл оқиға отбасы үшін күтпеген жаңалық болды. Олар клиникаға ішекте ауру бар деген күдікпен келіп, дәл сол күні алғаш рет ата-ана атанды.
«Емделушінің бұл бірінші жүктілік кезі, бұған дейін отбасында бала болмаған. Ең тебірентерлігі – отбасы дәл осындай қыз баланы армандаған екен», – деп толықтырды медициналық орталық өкілдері.
Пікірлер (0)