«Жалғастыра берсек, ұрысқа ұласуы мүмкін»: Сырым Исабаев Қайрат Нұртастан неге бөлек кеткенін айтты
Фотосурет: ашық дереккөзден
Әнші Сырым Исабаев көптен бері көрінбей кеткен соң, журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында шығармашылық жолының алғашқы кезеңдерін еске алып, Қайрат Нұртастан не үшін бөлек кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Ол алғашқы жылдары продюсер Гүлзира Айдарбекованың басшылығымен жұмыс істегенін, Қайратпен бірге сахнаға шыққан уақыттарының жемісті болғанын атап өтті. Алайда уақыт өте келе ой-пікірлердің алшақтығы олардың жолдарының екіге бөлінуіне себеп болған.

Әр тірліктің басы, аяғы бар. Біз бірге бастағанда ең басты мақсат халықты қуанту, өзімізді таныстыру болды. Ол кезде Қайраттың әндері маған ұнайтын, менің әндерім де оған жақын еді. Әр таңдаған әніміз ортақ талғамнан шығатын. Уақыт өте әркімнің өз пікірі пайда болды. «Мынаны былай, мынаны басқаша істейік» деген ойлардан кейін түсіндім, жалғастыра берсек, ұрысқа да, ренішке де ұласуы мүмкін. Ал мен ештеңені жанжалмен аяқтағым келмейді. Біреудің ойы өзіме сәйкес келмесе де, «дұрыс» деп қабылдап, өз жолымды ашуды жөн көрдім. Бұл жерде ешкімді кінәлауға болмайды. Бәрін Гүлзира әпкеміз басқарды, біз оның айтқан бағытын қабылдадық. Қазір де жаңа ұжым құрып отырмын, ол да дұрыс бағытты ұстанса ғана нәтиже береді, – деді Сырым Исабаев.
Журналист әншіден алғашқы шығармашылық жолға қанша қаражат жұмсалғанын сұрағанда, ол қаржының жүйелі және орынды пайдаланылғанын жеткізді.

Нақты соманы айта алмаймын, шамамен 50 мың доллардың көлемі шығар. Бірақ менің ойымша, ол ақша бізді биікке шығарып жіберетіндей көп қаражат емес. Өйткені атақты сатып ала алмайсың. Жетістік – дұрыс еңбектің нәтижесі. Әкем де, Гүлзира әпкеміз де бізге сенді, қаражат та мақсатқа сай жұмсалды. Бәрі өз жүйесімен жүріп, нәтижесін көрсетті, – деп түйіндеді сөзін әнші.
Пікірлер (0)