Жүзбай Серік: Ерекше қажеттілігі бар адамға алдымен тұлға ретінде қарау қажет

Жаңалықтар
view 59
news

Фотосурет: Жүзбай Серіктің жеке мұрағатынан

Бүгінде Қазақстанда инклюзивті қоғам қалай қалыптасқан? Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұрттың құрмет мәдениеті қандай? Осы және өзге де сұрақтар төңірегіндегі пікірін білмек болып, «Мирас-А» қайырымдылық қоғамдық қорының президенті, «KOZIMNIN QARASI» қазақстандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жүзбай Серікпен сұхбаттасқан болатынбыз. Кейіпкеріміз туралы айта кетсек, ол – сценарист, ақын, қоғам қайраткері. Сондай-ақ «Батыр шапағаты» медалінің иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет және өнер саласының үздігі. «Шаңырақ» танысу жобасы арқылы 56 жұптың отбасын құруына себепкер болған жан. Одан бөлек, 2025 жылы «Qazaq Inclusive Theatre» театрының негізін қалап, ерекше жандардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған жаңа мәдени алаң ашты. Қазір театр құрамында 20-ға жуық өнерпаз еңбек етеді. Сондықтан Жүзбай Серік – біз басшылыққа алған тақырыпта айтары бар азамат, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

 – Жүзбай аға, әңгімені бірден елдегі ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қатысты бастасақ. Жалпы, Қазақстанда ол азаматтарға деген көзқарас өзгеріп келеді деп айтуға бола ма?

– Иә, соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу бар. Егер бүгінгі жағдайды XXI ғасырдың басымен салыстырсақ, айырмашылық анық байқалады. Қалаларда пандустар, арнайы бағыттаушы жолдар, дыбыстық бағдаршамдар орнатылып, қоғамдық кеңістіктердің қолжетімділігі артып келеді. Бұл – қоғам санасының жаңаруының бір көрінісі.

Дегенмен әлі де шешімін күтіп жатқан мәселелер бар шығар?

Әрине, бар. Кейбір жерде лифтілердің жұмыс істемеуі немесе қоғамдық көліктің толық бейімделмеуі сияқты қиындықтар кездеседі. Сонымен қатар жұмысқа орналасу кезінде психиатриялық есеп туралы анықтама талап ету секілді кедергілер де бар. Бұл ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың әлеуметтік бейімделуіне әсер етеді. Сондықтан заңнаманы жетілдірумен қатар, оны тиімді жүзеге асыру маңызды.

Қоғамдағы қарым-қатынас мәдениеті туралы не айтар едіңіз?

Бұл – ең маңызды мәселенің бірі. Ерекше қажеттілігі бар адамға алдымен тұлға ретінде қарау қажет. Көмек көрсету алдында міндетті түрде рұқсат сұрау, қарапайым сыпайылық сақтау, төзімділік таныту – негізгі қағидалар. Кейде адамдар артық қамқорлық немесе аяушылық танытып жатады. Ал ол дегеніміз, керісінше, ыңғайсыздық тудыруы мүмкін.

– Соңғы кезде терминологияға да ерекше мән беріліп жатыр. Бұл қаншалықты маңызды?

Өте маңызды. Қазір «мүгедек» деген сөздің орнына «мүгедектігі бар адам» деген тіркесті қолдану ұсынылады. Бұл халықаралық тәжірибеде кең тараған people-first language қағидатына сәйкес келеді. Яғни алдымен адамның тұлғасы, содан кейін ғана оның ерекшелігі айтылады. Бұл адамның намысына тимей, өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне ықпал етеді.

Мемлекет тарапынан қандай нақты қолдау шаралары бар?

Қолдау жан-жақты жасалып келеді. Мысалы, Астанада ерекше жандарға арналған жаңа орталық ашылып, онда түрлі үйірмелер, оқыту курстары және тегін заңгерлік, психологиялық кеңестер ұсынылады. Сонымен қатар 2024 жылдан бастап пойыздарда арнайы вагондар қарастырылған. Ал кейбір өңірде қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі енгізіліп жатыр. Теміржол билеттеріне жеңілдіктер де бар.

Заңнамалық өзгерістер туралы айтып өтсеңіз?

2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заң аясында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды әлеуметтік қорғау күшейтілді. Мәселен, күтім жасайтын адамның сол елді мекенде тұруы міндеттелді. Бұл әлеуметтік көмектің нақты адамға жетуін қамтамасыз ететін маңызды қадам. Сонымен қатар кемсітушілікке жол бермеу бағытында жаңа нормалар енгізілді.

Қоғамды толық инклюзивті ету үшін тағы не қажет?

Ең бастысы, сананың өзгеруі керек. Инфрақұрылым да, заң да маңызды, бірақ адамдардың көзқарасы шешуші рөл атқарады. Жастардың белсенділігі, қоғамдағы түсіністік пен құрмет мәдениетінің қалыптасуы арқылы ғана біз шынайы инклюзивті қоғам құра аламыз.

Иә, дұрыс айтасыз. Сөз соңында осы тақырып бойынша қандай ұсыныс білдірер едіңіз?

– Ерекше қажеттіліктері бар адамдар – қоғамның ажырамас бөлігі. Оларға жағдай жасау – тек әлеуметтік саясат емес, адамгершілік пен өркениеттің көрсеткіші. Қазақстан бұл бағытта нақты қадамдар жасап келеді. Ендігі міндет – осы бастамаларды жүйелі түрде жалғастыра беру.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *