Тоқаев Қытай-Еуропа транзитін дамыту жоспарын жариялады
Сурет: Ақорда
Президент қазіргідей геосаяси ахуал күрделі кезеңде жеткізу тізбегінің сенімді әрі қауіпсіз бағыттарын қамтамасыз ету барлық ел үшін стратегиялық тұрғыдан өзекті екенін айтты, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.
– Еуропа мен Азияның ірі өңірлерін жалғауда Орталық Азия басты логистикалық хабқа айналып келеді. Былтыр Қытайдан Орталық Азия елдері арқылы тасымалданған жүк көлемі 12 пайызға артып, 211 мың контейнерден асты. Қытайдан Еуропаға құрлық жолдарымен жөнелтілетін жүктің 85 пайызы Қазақстанға тиесілі. Біз құрлықаралық байланысты күшейтуге және Орталық Азия аймағының бәсекелестік артықшылығын барынша пайдалануға ерекше мән береміз. Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының алғашқы буыны ретінде бұл бастаманы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа», Транскаспий халықаралық көлік дәлізі және «Солтүстік – Оңтүстік» секілді маңызды транзиттік бағыттармен ұштастыруды көздейді. Транскаспий бағытының тартымдылығын арттыру үшін Каспий теңізіндегі айлақтарды жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу, сондай-ақ жүк кемелері өндірісін жолға қою бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Осы орайда Қытай тарапына Каспийдегі «Құрық» портында жүк терминалын бірігіп салуды ұсынамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Пікірлер (0)