Тоқаев: Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажет
Фото: Ақорда
Астанада «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтіп жатыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев симпозиумның ашылу салтанатында сөз сөйледі. Іс-шараға әлемнің 20-дан астам елінен делегация қатысып отыр.
Олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.
«Жошы ұлысының дәуірлеп тұрған кездегі аумағы 6 миллион шаршы шақырымды алып жатты. Тіпті, Рим империясының ең айбынды кезеңінде мұндай жер көлемі болмаған. Кейбір тарихшылардың пікірі бойынша, Алтын Орданың Дала Римі деп аталуы да – осыдан. Бірақ алып империяның қуаты жерінің көлемінде емес, оның институционалдық негізі, яғни, мемлекеттік басқару жүйесінің мықты болуында еді. Жошы ұрпақтары Хань немесе Габсбург династиялары секілді ғасырлар бойы, яғни, 600 жылдан астам уақыт Ұлы дала төсіндегі түрлі мемлекеттік құрылымдарға билік жүргізді. Бұл Жошы ханның ұрпақтары құрған мемлекет жүйесі тұрақты әрі өміршең болғанын көрсетеді. Соның арқасында әртүрлі этнос пен дін өкілдері тату-тәтті өмір сүрді. Алтын Орда дәуірінде Дала заңы мен ислам құқығының үйлесімді жүйесі қалыптасты. Ал қоғамдық тәртіп қағидатының бастауында Түрік қағанатының құқықтық мәдениеті мен Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңы тұрды. Заң үстемдік құрған алып империяның әр түкпірінде адамның және оның мал-мүлкінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді. Бұл – қоғамдық тәртіп болды деген сөз, - деді Президент.
Пікірлер (0)