АДАМИ КАПИТАЛҒА САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ: БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМҒА БӨЛІНЕТІН ҚАРЖЫ БЕС ЕСЕГЕ АРТТЫ

Жаңалықтар
view 29
news

Фотосурет: gov.kz

Соңғы жылдары Қазақстанда ғылым мен жоғары білім саласын дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының біріне айналды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында еліміздің болашағы жоғары технологиялар мен жасанды интеллектіні тиімді пайдаланумен тікелей байланысты екенін атап өтті.

Осы бағытта ұлттық ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөлініп, соңғы бес жыл ішінде білім мен ғылым саласына салынған инвестициялар бес есеге артты.

Президент атап өткендей, ғылым мен жоғары білім жүйесінде бірқатар жүйелі өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Елімізде зерттеу университеттері көбейіп, олардың өнеркәсіппен байланысы күшейіп келеді. Қазіргі таңда 300-ге жуық коммерциялық ғылыми жоба іске асырылады.

Осы арқылы «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» қағидатына негізделген кешенді жүйе қалыптасып келеді. Бұл модель ғылым нәтижелерін нақты экономикалық тиімділікке айналдыруға мүмкіндік береді.

Халықаралық академиялық әріптестік те қарқынды дамып жатыр. Бүгінде Қазақстан әлемнің 40 жетекші жоғары оқу орнымен стратегиялық серіктестік орнатып, елімізде Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Италия, Оңтүстік Корея және басқа да мемлекеттердің академиялық мектептерін ұсынатын 33 шетелдік университет филиалы ашылды.

Сонымен қатар технологиялық парктер мен инжиниринг орталықтары құрылып, ғылыми инфрақұрылым жүйелі түрде жаңартылып келеді. Ғылымды басқарудың институционалдық негізі де нығайтылды.

«Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданып, ғылыми саланы басқарудың заманауи құқықтық тетіктері қалыптасты. Ұлттық ғылым академиясының рөлі күшейіп, барлық өңірлерде Ғылым жөніндегі кеңестер құрылды. Бұл қадамдар ғылыми саясатты тиімді үйлестіруге және өңірлік ғылыми әлеуетті дамытуға мүмкіндік береді. Ұлттық ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту да мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Осы тұрғыда жүзеге асырылып жатқан «Жас ғалым» гранттық бағдарламасы жас зерттеушілерді қолдаудың тиімді тетігіне айналды. Бағдарлама іске қосылған кезде жас зерттеушілерге мыңға дейін грант бөлу міндеті қойылған болатын. Бұл мақсат толық орындалды. 2022-2025 жылдары өткізілген конкурстардың нәтижесінде жалпы сомасы 23,16 млрд теңгені құрайтын 941 ғылыми жоба қолдау тапты. Бұл көрсеткіш жас зерттеушілердің мемлекеттік ғылыми саясаттың маңызды бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді. Қазіргі таңда еліміздегі зерттеушілердің жалпы санының 47 пайызын, яғни 12 758 адамды жас ғалымдар құрайды. 2025 жылға қарай олардың гранттық жобаларды жүзеге асырудағы үлесі 30,1 пайызға жетті. Бұл ғылыми қауымдастықта жаңа буын зерттеушілерінің рөлі айтарлықтай артқанын айғақтайды. Бағдарламаны қаржыландыру көлемі де тұрақты өсім көрсетіп келеді. Мәселен, 2023 жылы «Жас ғалым» бағдарламасына 2,75 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 7,58 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Мұндай динамика мемлекеттің жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін дамытуға стратегиялық басымдық беріп отырғанын көрсетеді. Жас зерттеушілерді қолдау тек гранттық қаржыландырумен ғана шектелмейді. Ғалымдардың тұрақты ғылыми қызметпен айналысуына жағдай жасау мақсатында әлеуметтік қолдау шаралары да жүзеге асырылады. Осы бағытта 2023-2026 жылдары жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша нақты тетіктер енгізілді. Бүгінгі күні 606 пәтер жас зерттеушілерге табысталды.

Оның ішінде 483 пәтер «Отбасы банк» АҚ арқылы жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында берілсе, Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы екі жыл ішінде 123 пәтер жас ғалымдарға өтеусіз негізде бөлінді. Бұл шаралар ғылыми мансаптың тартымдылығын арттырып, талантты мамандардың ғылым саласында тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Ғылымның өңірлік дамуына да ерекше назар аударылып келеді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өңірлік әкімдіктерге ғылыми-технологиялық саясатты жүзеге асыру бойынша қосымша өкілеттіктер берілді. Бұл ғылыми саясатты өңірлік экономиканың нақты қажеттіліктерімен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Алматы мен Астана ірі ғылыми орталықтар ретінде көш бастап отыр. Қазіргі таңда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығындардың басым бөлігі Алматы және Астана қалаларында шоғырланған.

Атап айтқанда, Алматы қаласының үлесіне 43 пайыздан астамы тиесілі болса, Астана қаласы 20,4 пайызды құрайды. Сонымен қатар өңірлерде де ғылыми белсенділік артып келеді. Мысалы, Маңғыстау облысында ҒЗТКЖ-ның 86 пайызы ұйымдардың өз қаражаты есебінен қаржыландырылып отыр.

Бұл бизнестің ғылымға белсенді қатысып отырғанын және ғылыми зерттеулердің экономикамен тығыз байланыста дамып келе жатқанын көрсетеді. Өңірдегі ғалымдардың орташа жалақысы 845 мың теңгеге жетіп, республикалық орташа деңгейден 2,4 есе жоғары болып отыр. Өңірлік ғылыми инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру аясында жоғары оқу орындарының базасында алты академиялық және зерттеу озықтық орталығы құру жұмысы басталды.

Бұл орталықтар еліміздің негізгі макроөңірлерін қамтып, өңірлік ғылыми орталықтардың қалыптасуына ықпал етеді. Мәселен, Каспий технологиялар және инжиниринг университеті батыс өңірінің ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталса, Ақтөбе және Қостанай өңірлік университеттері батыс пен солтүстік аймақтарды қамтиды. Ал Тараз университеті оңтүстік өңірге, Халықаралық қазақ-түрік университеті оңтүстік-шығыс аймаққа, Шығыс Қазақстан техникалық университеті шығыс өңірдің ғылыми дамуына үлес қосады. Алдағы кезеңде бұл тәжірибе кеңейтіліп, жаңа университеттердің қатысуымен озықтық орталықтарының желісін ұлғайту жоспарланып отыр.

Мұндай тәсіл өңірлер арасында ғылыми бәсекелестікті арттырып, ғылыми нәтижелердің тиімділігін қамтамасыз етеді. Соңғы екі жыл ішінде өңірлерде 13 ғылыми-технологиялық сессия өткізіліп, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен тұрақты өзара іс-қимыл тетіктері қалыптасты. Бұл ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтіп, ғылыми зерттеулердің нақты экономикалық қажеттіліктерге бағытталуына мүмкіндік береді. 

Жалпы алғанда ғылым мен жоғары білім саласына салынған инвестициялардың өсуі, халықаралық әріптестіктің кеңеюі, жас ғалымдарды қолдау және өңірлік ғылыми инфрақұрылымды дамыту Қазақстанда адами капиталды нығайтуға бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесін көрсетеді. Бұл шаралар ғылымның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосатын қуатты қозғаушы күшке айналуына негіз қалайды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *