2026 жылғы 21–23 мамыр аралығында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай елімізде «Халық әуені» концерттік туры ұйымдастырылады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Жоба аясында концерттік ұйымдар мен шығармашылық ұжымдар Қазақстанның 17 өңірін аралайды. Әр ұжым үш аудан орталығы мен моноқалада өнер көрсетеді. Жалпы тур аясында көрерменге 51 концерттік бағдарлама тегін ұсынылады.
Концерттер жанды дауыста өтіп, бірқатары ашық аспан астындағы алаңдарда ұйымдастырылады. Жоба ұлттық мәдени мұраны насихаттауға, өнердің үздік үлгілерін ел өңірлеріне, соның ішінде шалғай ауыл тұрғындарына жеткізуге бағытталады.
Бағдарламаға елімізде және халықаралық сахналарда өнер көрсетіп жүрген танымал әртістер, шығармашылық ұжымдар мен орындаушылар қатысады. Көрермен ұлттық музыкалық мұрамен қатар, заманауи концерттік қойылымдарды тамашалай алады.
«Халық әуені» жобасы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі бастамасымен және Қазақстан Халық Банкі демеушілік қолдауымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Пікірлер (0)