Қазақстан зейнетақы жүйесі бойынша халықаралық рейтингте 29-орынға ие болды
Фото
Қазақстан Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 халықаралық зейнетақы жүйелері рейтингінде 55 ел мен аумақтың арасында 29-орынға ие болды. Еліміз 100 мүмкін ұпайдың 64,8-ін жинап, АҚШ, Испания, Қытай, Жапония, Италия және Оңтүстік Кореяны басып озды.

Рейтингті әзірлеу барысында сарапшылар зейнетақы төлемдерінің деңгейін, жүйенің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын, сондай-ақ зейнетақы қорларын басқару сапасын бағалады.
Қазақстан зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығы көрсеткіші бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Аталған өлшем бойынша еліміз 74,4 ұпай жинап, әлемде 8-орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш зейнетақы төлемдерін ұзақ мерзімді перспективада қамтамасыз ету мүмкіндігінің жоғары бағаланғанын білдіреді.

Қазақстан зейнетақы жүйесін реттеу және басқару сапасы бойынша да жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бұл бағытта еліміз 100 мүмкін ұпайдың 83-ін жинап, 19-орынға ие болды.
«Қазақстанның зейнетақы жүйесі табыс деңгейі әртүрлі азаматтар үшін салықтар шегерілгеннен кейінгі зейнетақының бұрынғы еңбек табысын алмастыру коэффициентінің жеткілікті жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар қызметкерлердің кәсіби зейнетақы бағдарламаларымен кеңінен қамтылуымен ерекшеленеді. Бұдан бөлек, жүйеге тиімді реттеу мен басқару, зейнетақы жүйесіне қатысушылардың құқықтарын қорғаудың жоғары деңгейі және азаматтарды ақпараттандыру жұмыстарының жақсы жолға қойылуы тән», – делінген сарапшылар қорытындысында.

Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 – әлемдегі 55 зейнетақы жүйесін төлемдердің жеткіліктілігі, қаржылық тұрақтылығы және жүйенің сенімділігі мен басқару тұтастығы көрсеткіштері бойынша салыстыратын жыл сайынғы халықаралық рейтинг.
Пікірлер (0)