Аида Балаева: Архив ісі кез келген мемлекет үшін стратегиялық тұрғыдан өте маңызды

Жаңалықтар
view 26
news

Фото: Үкімет

Бүгін ел тарихын сақтап, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыруға зор үлес қосып жүрген архив қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева архив қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі. 

Архив ісі кез келген мемлекет үшін стратегиялық тұрғыдан өте маңызды. Ақпараттық технологиялар қарқынды дамып жатқан қазіргі уақытта архив дереккөздері ұлттық ресурстардың маңызды бөлігіне айналып, ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда, патриоттық құндылықтарды орнықтыруда, еңбекке құрмет пен ұрпақтар сабақтастығын нығайтуда шешуші рөл атқарып отыр.

Қазақстанның қалыптасу және серпінді даму жолы, Тәуелсіздік жылдарындағы экономика, ғылым, мәдениет, спорт және өзге де салалардағы жетістіктер мемлекеттік архивтер қорында кеңінен көрініс тапқан, — деді Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Бүгінде елімізде 236 мемлекеттік архив жұмыс істейді.

Онда жалпы көлемі 27,8 миллион сақтау бірлігін құрайтын 74 725 архив қоры сақтаулы. 3 миллионнан астам іс электрондық форматқа көшіріліп, азаматтардың архив материалдарына қолжетімділігін едәуір арттырды. Тарихи-мәдени мұра саналатын бұл құжаттар Қазақстанда ғана емес, шетелдік ғылыми қауымдастық арасында да үлкен сұранысқа ие.

Архив саласы жан-жақты дамып келеді. Биыл Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасын орындау мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігі архив, музей және кітапханалардың құжаттық материалдарын біріктіруді көздейтін «Ұлттық цифрлық архив» порталын іске қосу жөніндегі жол картасын бекітті, — деді Балаева.

Қазақстанның Ұлттық архив қоры бірегей дереккөздермен жүйелі түрде толығып келеді. «Архив — 2025» жобасы аясында Германия, Польша, Франция, Түркия, Үндістан, Иран, Египет және Орталық Азия мемлекеттерін қоса алғанда, 14 елдің архивінде, кітапханаларында және ғылыми мекемелерінде зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Қазақстан тарихына қатысты 7 мыңнан астам құнды құжат жиналып, олар кезең-кезеңімен ғылыми айналымға енгізіліп жатыр.

Қазіргі архив қызметкері — жоғары зияткерлік әлеуетке ие, құжаттанушы-сарапшы, зерттеуші, IT-маман, реставратор және аналитик құзыреттерін үйлестірген әмбебап кәсіби маман.

Архив саласы қызметкерлерінің еңбегі лайықты бағаланып келеді. 2025 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен үш архив қызметкері «Құрмет» орденімен, екеуі «Еңбек ардагері» медалімен, біреуі «Қазақстан Республикасы Конституциясына 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Сондай-ақ сала бойынша 197 қызметкер мен ардагер ведомстволық наградалар алды, оның ішінде 64 адам «Архив саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Мемлекет тарапынан архив қызметкерлерін қолдауға бағытталған жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Биыл 265 маман біліктілігін арттыру курсынан өтіп, архив саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы 29 пайыз өсті. Архив ісін дамытуға, архив қорын толықтыруға және құнды мұраны ғылыми айналымға енгізуге қосқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге толайым табыс тілеймін. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, — деді Аида Балаева.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *