Айгүл Кемелбаева. Астанада «Жібек жолы кітап көрмесі» ашылды
Жаңалықтар
35
Сурет: Автордан
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында 10 шілдеде Қытай халық Республикасының Шэньси провинциясындағы «Синьхуа» баспа-тобының ұйымдастыруымен «Жібек жолы кітап сөресі» атты кітап көрмесі ашылды. Бұл көрші ел тарапынан Жібек жолымен саяхаттау, Орталық Азияны кітап арқылы тану жобасы, өркениет көпірі деп аталады. Қытайлық ірі баспа саласының басшылары Өзбекстаннан кейін Астанаға келді. Бұл істі Қазақстандағы ҚХР елшілігі ерекше қолдап отыр.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітова және Қытай халық Республикасының Шэньси провинциясындағы «Синьхуа» баспа-тобының атынан Ань Пин мырза өзара келісімге қол қойды. Меморандумның мақсаты – мәдениетаралық тығыз байланыс, екі елдің рухани-мәдени мұрасын сақтау мен тарату арқылы насихаттау, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі бірлескен рухани іс-шараларға қатысу, әдебиеттегі таңдаулы шығармаларды қазақ және қытай тілдеріне аудару арқылы кітап құндылығымен алмасу болып табылады. Бұл өз кезегінде әдеби және мәдени ынтымақтастықты нығайтады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауымен жүзеге асырылған бұл көрмеге қытайлық баспагерлер 456 кітап қойды. Қытай халқында «Кітапта алтын сарай бар» деген тәмсіл бар.
«Бір белдеу, бір жол» аясындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мақсатында жасалған шараға келген ресми делегация құрамында ҚХР Елшілігінің кеңесшісі Джянг Пэнг мырза болды. «Синьхуа» баспа тобының басшысы Ань Пин мырза, «Ву Чжоу медия» орталығының бас директорының орынбасары Гуань Хун ханым құттықтау сөз сөйлеп, шығармашылық мұрасын тануға жастарды шақырды.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Күміс Қарсақбайқызы құттықтау сөз сөйлеп, біздің кітапханада 2015 жылы қытай халқының әдебиетіне арналған «Әдебиет бұрышы» ашылғанын, оған қытай тілін оқып үйренуге арналған оқулықтармен қатар Қытай мәдениеті мен тарихына арналған танымдық әдебиет, көркем әдебиет қойлып, үнемі толықтырылып тұрғанын; өз кезегінде ҚХР-ның Ұлттық кітапханасында Қазақстан халқының әдебиетіне арналған «Әдебиет бұрышы» 2016 жылы ашылғанын, бұл көрме екі ел әдебиетін өзара танытуға әрі дамытуға тікелей септігін тигізерін, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, ғалымдар қатысып отырғанын айтты.
Көрмеге Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Маратұлы Жарасбаев, Қазақстан Жазушылар Одағының Астана бөлімшесінің бастығы Бауыржан Бабажанұлы, Астана қаласының қалалық мәслихат депутаты Бахаргүл Төлегенқызы қатысып, сөз сөйледі.
Қазіргі ғаламдану үрдісінде ғылым, білім, руханият құндылықтары алға шықты. Бұл іс-шара мемлекетаралық танымдық диалогтарды дамытуға тиіс. Дамыған елдерде туризм, саяхаттау, өзара барыс-келіс алға шығады. Орта Азия елдерінің тарихи және мәдени құндылықтарын Қытай елі баспасөз арқылы насихаттайтын болады.

Меморандумға үш тараптан қол қойылды. «Ву Чжоу медия» тарату орталығы, Шэньси Синьхуа баспа-медиа тобы және Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы жаңа кітаптардың презентациясын, конференцияларды бірлесе өткізуге келісіп, ынтымақтастықтың мақсаты мен қағидаттарын бекітті.
Тараптар өздерінің ресурстық артықшылықтарын пайдаланып, Қазақстан мен Қытайдың маңызды мәдени орындарында «Жібек жолы кітап сөресін» ашып, екі елдің үздік басылымдарын таныстырады және кітап қорларын жүйелі түрде алмастырады.
Қытай-Орталық Азия саммитінің нәтижелерін іске асыру, Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени алмасу және өркениеттер диалогын одан әрі дамыту мақсатында екі ел арасындағы мәдени алмасу, баспа ынтымақтастығы тұрғысынан тараптар теңдік, өзара тиімділік және ресурстарды ортақ пайдалану қағидаттарына сүйене отырып, ынтымақтастық мүмкіндіктерін бірлесе зерттеуге дайын екендіктерін мәлімдеді.
Осы «Жібек жолы кітап көрмесі» аясында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Қытай мемлекетінде Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің бұрышын ашуға мүдделі. Бұл қазіргі заманғы қазақстандық ақын-жазушылардың шығармашылығы үшін маңызды келісім болып табылады.

Қытайдың ұлттық ақыны Ли Байдың тамаша лирикасы ішінара қазақ тіліне аударылған болатын. Енді қытай классикалық әдебиетінен 1590 жылы авторы көрсетілмей жарияланып, XX ғасырда У Чэнъэнь деп танылған «Батысқа саяхат» атты фантастикалық-сатиралық романы, Пу Сунлиннің әңгімелері сияқты үздік туындылар ана тілімізге аударылатын болар. Бұл шығармалар терең философиялық, мистикалық астарымен, әдеби қанық образдармен танылды. Және қазіргі заманғы қытай кинематографиясында фэнтези фильмдерге арқау болып кең таралып, әлемдік экранда көрермен қауымнан бөлек шетелдік оқырман аудиториясын жинауға да себеп болуда.
Қазіргі заманауи қытай әдебиетінде әлемге ең танымал автордың бірі – дарынды фантаст жазушы Лю Цысинь. Оның ғылыми фантастикалық романдары бестселлерге айналған. Ғылым мен технология, жасанды интеллект жоғары бағаланған қазіргі уақытта ғылыми фантастика жанры өте биік деңгейге шыққаны белгілі. Ғылыми фантастика жанрын терең игерген кез келген ұлт жасампаз халыққа айналады. Бұл жанр ғаламдық бәсекелестікке қабілетті аса білімді жас ұрпақты тәрбиелеуге керек.
11.07.2025.
Пікірлер (0)