Шымкент тұрғындары ауа сапасының нашарлағынына шағымданып жатыр
Фото: ашық дереккөз
Шымкент тұрғындары түрлі аудандарда, тіпті терезелер жабық тұрса да сезілетін күйік, түтін және газдың өткір иісіне шағымданып жатыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Кейбір тұрғындар ауадан күкірт немесе газдың өткір исі шығатынын айтады. Желі қолданушыларының басым бөлігі бұл тұмшаны индустриялық аймақпен және мұнай өңдеу зауытымен байланыстырып отыр.
Ал Экология департаменті қалада ауаның жоғары деңгейде ластануы тіркелмегенін мәлімдеді.
“Қазгидромет” деректеріне сәйкес, қалада ауаның жоғары немесе өте жоғары деңгейде ластануы тіркелген жоқ. Кешкі тұмшаның пайда болуын температураның төмендеуімен, желдің болмауымен, автокөліктердің көптігімен және жеке секторда құрғақ шөп пен жапырақтардың жиі өртелуімен түсіндіруге болады, – деді Экология департаменті бас мемлекеттік экологиялық инспекторының орынбасары Дүйсен Құлтілеуов.
Тұрғындардың шағымдарынан кейін экологиялық зертхана мамандары түнгі және күндізгі уақытта қосымша ауа өлшеулерін жүргізген. Өлшеулер “PetroKazakhstan Oil Products” ЖШС аумағында, индустриялық аймақтардың санитарлық-қорғау аймағынан тыс жерлерде және “Furkan City” маңында жасалған.
Департамент өкілінің айтуынша, ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрацияларынан асу жағдайлары анықталмаған.
Сонымен қатар тұрғындардың шағымдары бойынша “Ордабасы” индустриялық аймағындағы бір кәсіпорынға қатысты тексеріс тағайындалды.
Пікірлер (0)