«АЛЖИР»-де азаттық рухы асқақтады: зиялы қауым тарихи тағылымды сөз етті
Фотосурет
Адам тағдырына таңба салған қасіретті тарих пен тәуелсіздіктің қадірі бір жерде тоғысты. Астанадағы «АЛЖИР» мемориалды музей кешенінде Республика күніне орай «Тарихи сәт» атты тағылымды кездесу өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Басқосуға Астана қаласы әкімдігінің «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» МКҚК директоры Асқар Қапалбекұлы Қалыбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ғалым Жайлыбай, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Сұраған Рахметұлы, ғалым Қайрат Сақ, тарихшылар, қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысқан кездесуді ақын, PhD докторы Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді.
Егемендіктің бастауы – тарихи декларация
кездесу барысында 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның тарихи маңызы, тәуелсіздік идеясының қалыптасуы, ұлттық бірегейлік пен тарихи жады мәселелері кеңінен талқыланды.
Егемендік декларациясы Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашқан маңызды саяси құжат болды. Арада бір жылдан астам уақыт өткен соң, 1991 жылғы 16 желтоқсанда еліміз мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады.
Республика күніне арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та егемендік декларациясының тарихи орнына тоқталған болатын. Президенттің мерекелік жиында сөйлеген сөзінің толық мәтіні JANABASTAU.KZ сайтында жарияланды.
Қасіретті тарих пен азаттықтың құны
Кездесудің дәл «АЛЖИР» мемориалды музей кешенінде өтуі айрықша мәнге ие.
Кезінде жазықсыз жандардың қайғы-қасіретіне куә болған бұл тарихи мекен бүгінгі ұрпаққа еркіндіктің оңай келмегенін еске салады.
Жиында сөз алған Ғалым Жайлыбай, Сұраған Рахметұлы және Қайрат Сақ елдік пен егемендіктің қадірі, ұлттық рух, әдебиет пен тарихтың сабақтастығы туралы ой бөлісті.
Әсіресе, тарихи сананы жаңғырту, қуғын-сүргін құрбандарының тағдырын ұмытпау және тәуелсіздік құндылықтарын жас ұрпаққа жеткізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тәуелсіздікке арналған жыр жинағы таныстырылды
Іс-шара аясында «Байрағы биік байтағым» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасы жинағының тұсаукесері өтті.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай жарық көрген кітапқа туған жер, елдік мұрат, азаттық және Астана тақырыбындағы поэзиялық шығармалар топтастырылған.
Жинақтың таныстырылымында қазақ поэзиясының ұлттық рухты көтерудегі, тарихи жадыны сақтаудағы және отансүйгіштік сезімді қалыптастырудағы маңызы атап өтілді.
Кездесу барысында ақындар елдік пен еркіндікті арқау еткен жырларын оқыды.
Айта кетейік, басқосуға қатысқан Сұраған Рахметұлының әдеби-публицистикалық шығармашылығы оқырманға жақсы таныс. Бұған дейін басылымымызда қаламгердің «J-J-J» жапырақтай жасыл жұмбақ» атты туындысы жарияланған еді.
Тарихты ұмытпау – ұлт алдындағы парыз
«Тарихи сәт» кездесуі ұлттың өткені мен бүгінін, тарихи қасіреті мен азаттық мұратын бір арнаға тоғыстырды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухы сақталған мекенде тәуелсіздік туралы сөз қозғау – тарихи жадының маңызын тереңдете түсетін тағылым.
Өйткені азаттықтың бағасын білу үшін тәуелсіздікке жеткен күнді ғана емес, сол күнге дейінгі қасіретті жолды да ұмытпау қажет.
Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсті.
Пікірлер (0)