Алатау қаласына арналған жеке конституциялық заң әзірленіп жатыр
Фото: Алматы облысы әкімдігі
Алатау қаласы билік пен басқарудың ерекше моделін иеленуі мүмкін, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Ulysmedia-ға сілтеме жасап.
Ұлттық экономика министрлігі «Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасын әзірледі. Құжатта қала үшін арнайы құқықтық режим мен мемлекеттік басқарудың жаңа моделі бекітілуі ұсынылған. Басты мақсат — Алатауды жеке инвестиция тартуға қолайлы, халықаралық деңгейдегі экономикалық, технологиялық және инвестициялық орталық ретінде дамыту.
Заң жобасына сәйкес, қаладағы басқару жүйесіне әкімшілік, әкімдік және мәслихат кіреді. Әкімшілік үкімет құрамына кірмейтін, орталық мемлекеттік орган мәртебесіне ие болып, стратегиялық басқару мен реттеу функцияларын атқарады. Ал ең жоғары басқару органы — Премьер-министр басқаратын кеңес болмақ. Бұл Кеңес қаланың даму стратегиясын, бюджетін, қала құрылысы жоспарларын бекітіп, әкімді тағайындайды.
Әкімдік пен мәслихаттың өкілеттіктері шектеледі. Әкім кеңеске есеп береді, ал мәслихат Алатаудың даму стратегиясына ықпал ете алмайды.
Қаланың дамуы негізінен жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылмақ. Ал бюджет және квазимемлекеттік қаражат тек инфрақұрылымдық жобаларға бағытталады. Заң жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған, қоғамдық талқылау 15 қаңтарға дейін жалғасады.
Бұған дейін Алатау қаласының құрылысына Қытай компаниялары инвестиция салатыны жөнінде айтылған болатын. Бұдан өзге, қаланың кешенді жоспарын Сингапурдың Surbana Jurong компаниясы әзірлеген. БАҚ-та Alatau City жобасына 40-қа жуық инвестор қызығып отыр деген де ақпарат тараған.
Пікірлер (0)