Жаңа жылдан бастап елімізде қандай өзгерістер болады
Фото: Baigenews.kz/Арман Мұхатов
Жаңа жыл Қазақстанда ұзақ демалыс күндерінен басталады. Қазақстандықтар 1-4 қаңтар аралығында, сондай-ақ 7 қаңтар — Рождество мерекесінде демалады. Осылайша, 2026 жылдың қаңтарында 12 демалыс күні және 19 жұмыс күні болады. Ал қаңтарда тағы қандай маңызды өзгерістер күшіне енеді? Негізгілеріне тоқталайық, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Жаңа Салық кодексі күшіне енеді
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізіледі. Ең маңызды өзгерістердің бірі — қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесінің 16%-ға дейін өсуі.
Сонымен қатар ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 15 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін ұлғайтылады.
ҚҚС-тан босатылатындар:
кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясындағы тауарлар мен қызметтер;
міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қызметтері;
отандық басылымдағы кітаптар және оларды басып шығару қызметтері.
Корпоративтік және жеке табыс салығы өзгереді
Корпоративтік табыс салығы (КТС):
базалық мөлшерлеме — 20%;
25% — банктер (ШОБ-ты несиелеуден басқа) және ойын бизнесі үшін;
5% (2026 ж.) және 10% (2027 ж.) — әлеуметтік сала ұйымдары үшін;
3% — ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін сақталады.
Жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша прогрессивті шкала енгізіледі:
жылдық табысы 8 500 АЕК-ке дейін (шамамен 33,5 млн теңге) — 10%;
бұл сомадан асатын табысқа — 15%.
Дәл осындай тәсіл дивидендтерге салынатын салыққа да қолданылады:
230 000 АЕК-ке дейін — 5%,
одан жоғары — 15%.
АЕК мөлшері ұлғаяды
2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 932 теңгеден 4 325 теңгеге өседі.
Осыған байланысты:
мемлекеттік базалық зейнетақы — 35 596 теңге,
ең төменгі зейнетақы — 69 049 теңге,
күнкөріс минимумы — 50 851 теңге болады.
Зейнетақылар мен әлеуметтік төлемдер өседі
1 қаңтардан бастап зейнетақы 10%-ға өседі.
Ең төменгі зейнетақы мөлшері 69 мың теңгеге жетеді.
Сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін кейбір әлеуметтік төлемдер де 10%-ға ұлғаяды. Бұл еңбекке жарамдылықтан айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша бұрын тағайындалған төлемдерге қатысты.
Зейнетақы жинақтарын пайдаланудың шектері көтеріледі
2026 жылы зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалануға арналған жеткіліктілік шектері өседі:
20 жастағылар үшін — 3,72 млн теңге,
30 жастағылар үшін — 5,12 млн теңге,
40 жастағылар үшін — 6,72 млн теңге.
Сондай-ақ салымшылар зейнетақы жинақтарын инвестициялау стратегиясын өздері таңдай алады: консервативті, теңгерімді немесе агрессивті.
Мобильді аударымдарға бақылау күшейеді
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мобильді аударымдар мен банк шоттарына қатысты жаңа мониторинг ережелері күшіне енеді.
Төмендегі екі шарт қатар орындалса, операциялар кәсіпкерлік қызмет белгісі ретінде қарастырылады:
үш ай қатарынан 100 және одан көп адамнан қаражат түсуі;
аударымдардың жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (шамамен 1 млн теңге) асуы.
Жеке куәлік тегін беріледі
2026 жылдан бастап жеке куәлік:
алғаш рет алғанда;
мерзімі аяқталған жағдайда тегін рәсімделеді.
Ал паспорт пен басқа құжаттар қымбаттайды:
балалар паспорты (24 бет) — 17 300 теңге,
стандартты паспорт (36 бет) — 34 600 теңге,
48 беттік паспорт — 51 900 теңге.
Жеке куәлікті бір жыл ішінде екі реттен көп жоғалтқан жағдайда 1 АЕК айыппұл салынады.
МӘМС алу тәртібі өзгереді
МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес:
егер азамат кемінде 5 жыл үздіксіз жарна төлеп, кейін уақытша табыссыз қалса,
6 айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтайды;
кейін жұмысқа тұрған соң, төленбеген айларды өзі төлей алады.
2026 жылы мұндай жарна мөлшері — 4 250 теңге.
Сонымен қатар қант диабетімен ауыратын науқастарды емдеу МӘМС жүйесіне енгізіледі.
Пікірлер (0)