Ақмола облысында айтыс өнері дамып, жас ақындарға қолдау көрсетілуде
Фото: Ресми дереккөзден
Өңірде айтыс өнерін дамыту және жас орындаушыларды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Биыл облыста республикалық және облыстық деңгейдегі жеті айтыс өткізу жоспарланған. Ақмолалық ақындар бұған дейін де ірі халықаралық додаларда өз өнерлерін көрсетіп, өңір намысын абыроймен қорғап келеді. Ұлттық өнерді дамыту және ұрпақтар сабақтастығы туралы брифингке қатысушылар айтып берді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Ақмола облысының мәдениет басқармасының басшысы Нұрғиса Дауешовтің айтуынша, биыл өңірден республикалық жоспарға жеті айтыс енгізілген. Оның үшеуі – республикалық, төртеуі – облыстық деңгейдегі додалар. Жыл басынан бері үш ірі айтыс ұйымдастырылды.
Олардың қатарында Абылай ханның 315 жылдығына арналған «Саңлақтар туған Сары бел» облыстық айтысы, Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бала ақын – жас дарын» өңірлік мектеп оқушыларының айтысы және республикалық командалық «Бес асыл» мегажобасы бар.
Нұрғиса Дауешов «Бес асыл» жобасына да жеке тоқталды. Бұл жоба облыста алғаш рет 1 мамырда өткізілді. Байқауға Ақмола және Атырау облыстарының командалары қатысып, ұлттық өнердің бірнеше бағыты бойынша өз шеберліктерін ортаға салды. Ақмолалық команда жоғары нәтиже көрсетіп, екінші кезеңге жолдама алды.
«Біз үшін ұлттық өнердің тек тарихтың бір бөлігі болып қалмағаны маңызды. Жас орындаушылардың шеберлігін шыңдап, ірі додаларға қатысып, республикалық және халықаралық деңгейде Ақмола облысының атынан өнер көрсетуіне жағдай жасауымыз қажет. Сондықтан айтыс өнері мен жас ақындарды қолдау жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді», – деді Нұрғиса Дауешов.
Мұндай қолдаудың нақты мысалдарының бірі – Ерейментау өңірінен шыққан жас ақын Сәттібек Серікболатұлының жетістігі. Жуырда ол Моңғолияның Қобда аймағында өткен халықаралық ақындар айтысында Гран-при иеленді. Халықаралық додаға Қазақстан, Қытай және Моңғолиядан келген ақындар қатысты.
Сәттібек Серікболатұлының айтуынша, халықаралық байқаудағы жеңіс ол үшін маңызды белес болғанымен, ол мұнымен тоқтап қалмақ емес.
«Мен үшін айтыс – ең алдымен, мені үйретіп, қолдау көрсетіп жүрген жандар алдындағы үлкен жауапкершілік. Сахнаға шыққанда өзіңді ғана емес, өз өңіріңді, ұстаздарыңды да таныстырасың. Моңғолиядағы жеңіс маған одан әрі өзімді жетілдіріп, осындай үлкен сахналарда лайықты өнер көрсетуге деген сенім мен ынтаны арттырды», – деді Сәттібек Серікболатұлы.
Жас ақындардың жетістігінің артында ұстаздық дәстүр мен тәлімгерлік мектебі де бар. Бүгінде Сәттібек Серікболатұлы айтыс өнерінің қыр-сырын Ерлан Дәулеттің жетекшілігімен меңгеріп жүр. Ал Ерлан Дәулет – ақын-жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мырзабек Құдайберлінің шәкірті.
Мырзабек Құдайберлі өз кезегінде Қазақстанның халық ақыны, Ақындар мен жыршылар қоғамының тұңғыш президенті Көкен Шәкейұлының шәкірті. Бүгінде ол өз білгенін жас орындаушыларға үйретіп келеді. Оның шәкірттері қатарында Арман Бердалин, Әлібек Серғалиев, Қуаныш Оспанов, Ерлан Дәулет және басқа да ақындар бар.
«Айтыста сабақтастықтың маңызы зор. Адамға тек ұйқас құруды немесе шешен сөйлеуді үйрету жеткіліксіз. Оған сөзге, тарихқа, халыққа деген көзқарасты жеткізу керек. Ұстаздарым маған осы тәжірибені берді, ендігі міндетім – оны шәкірттеріме жеткізу. Бүгінде Сәттібек халықаралық сахнаға шығып, жеңіске жетіп жатса, бұл сабақтастықтың жалғасып келе жатқанын көрсетеді», – деді Мырзабек Құдайберлі.
Бүгінде айтыс өнеріне жаңа буын өкілдері келіп жатыр. Жас ақындар үшін бұл – өз талантын танытып қана қоймай, ғасырлар бойы халықтың өмірін, құндылықтарын, қуанышы мен мәселелерін сөз етуге мүмкіндік берген дәстүрді жалғастырудың жолы.
Айтыс ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген. Ақмола облысында оның дамуы ірі додалар өткізуден бастап, мектеп оқушылары мен жас ақындарды қолдауға дейінгі бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Ал Сәттібек Серікболатұлының Моңғолиядағы жеңісі жас буынмен жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесі өңір шекарасынан тыс жерлерде де көрініс тауып отырғанын көрсетеді.
Пікірлер (0)