Ақмола облысында Есіл және Елтай елді мекендеріндегі жаңартылған теміржол вокзалдары ашылды
Фото: Ресми дереккөзден
Ақмола облысында теміржол инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бүгін Есіл қаласы мен Елтай ауылындағы қайта жаңғыртудан өткен вокзалдар жолаушыларды қабылдай бастады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Осылайша, өңірде республикалық жобаға енгізілген 16 теміржол вокзалының 14-і жаңартылды.
Ақмола облысы теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасын іске асыру бойынша көшбасшы өңірлердің қатарында. Жоба аясында жолаушылар нысандарын заманауи талаптар мен тұрғындардың қажеттіліктеріне сай жаңарту көзделген.
Есіл қаласында қайта жаңғыртудан кейін ауданы 485,4 шаршы метр болатын вокзал ғимараты заманауи келбетке ие болды. Ішкі бөлмелер мен іргелес аумақ абаттандырылды.
Бұланды ауданындағы Ельтай ауылында вокзалды қайта жаңғырту және абаттандыру жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталды. Ғимараттың жалпы ауданы 200 шаршы метрден асады.
Елтай тұрғындары үшін жаңартылған нысанның ашылуы маңызды оқиға болды.
«Бұл вокзалдың ашылуы – біз үшін үлкен қуаныш. Енді осындай жақсы вокзалға қуана келіп, пойыз күтеміз. Еліміздің, облысымыздың және ауданымыздың басшылығына ауылымызға көрсетіп отырған көңілдері мен сапалы атқарылған жұмыстар үшін зор алғысымызды білдіреміз», – деді Елтай ауылының тұрғыны Тлеулес Кенжебаева.
Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жолаушылар мен сала қызметкерлеріне қолайлы әрі заманауи жағдай жасауға бағытталған. Жоба аясында вокзал ғимараттары қайта жаңғыртылып, іргелес аумақтар абаттандырылып, жолаушылар инфрақұрылымының элементтері жаңартылуда.
Алдағы айларда тағы екі нысанда – Атбасар мен Көкшетау қалаларындағы вокзалдарда жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр. Жобаның толық іске асырылуы өңірдегі жолаушылар инфрақұрылымына бірыңғай заманауи стандарт қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Пікірлер (0)