Ақмола облысында Flamingo Fest қалай өтіп жатыр: фестиваль алаңдарында қандай шаралар ұйымдастырылуда?

Жаңалықтар
view 35
news

Фото: ресми дереккөзден

Бүгін Ақмола облысында екінші рет мәдени-туристік Flamingo Fest фестивалі өтіп жатыр. Қорғалжын ауылының орталық алаңында көрме алаңдары жұмысын бастады. Күні бойы фестиваль қатысушыларын қызғылт қоқиқаздар мекендейтін жерлерге экскурсия мен концерттік бағдарлама күтеді, деп хабарлайды janabastau.kz тілшісі.

Фестивальдің салтанатты ашылуы Атбасар ауданынан келген «Молодость» халық ансамблінің өнер көрсетуімен басталды. Ұжым көрермендерге «Фламинго» хореографиялық қойылымын ұсынды. Кейін мерекелік бағдарламаны Қорғалжын ауданынан келген «Нұрлы саз» квартеті жалғастырды.

Фестиваль қатысушыларына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досулан Айтбаев құттықтау сөз сөйлеп, Қорғалжын өңірінің табиғи мұраны сақтаудағы ерекше маңызын атап өтті.

«Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы – бірегей экожүйе. Ол қызғылт қоқиқаздардың әлемдегі ең солтүстік ұялайтын мекені ретінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне енгізілген. Осындай табиғи байлыққа ие болу – біз үшін үлкен мақтаныш. Оны сақтау және келер ұрпаққа аман жеткізу – әрқайсымыздың міндетіміз», – деді Досулан Айтбаев.

Фестивальдің табиғи тақырыбы мәдени бағдарламамен үйлесім тапқан. Flamingo Art алаңында облыстың түрлі аудандарынан келген суретшілер өз туындыларын таныстырса, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері көрме-жәрмеңке ұйымдастырды.

Фестивальге мектеп оқушылары да белсенді қатысуда. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Ашимованың айтуынша, олардың мектебі бұл шараға дәстүрлі түрде қатысып, оқушылардың шығармашылық жұмыстарын ұсынып келеді.

«Біздің мектебіміз бұл іс-шараға әрдайым қатысады. Мұнда бірінші сыныптан бастап оқушыларымыздың көркемөнер бағытындағы жұмыстарын ұсынамыз. Мектебіміз республикалық және халықаралық деңгейдегі байқаулар мен іс-шараларға да белсенді қатысып келеді», – деді Гүлмира Ашимова.

Жас қатысушылар үшін фестиваль – өз шығармашылық жұмыстарын көпшілікке таныстыруға берілген тағы бір мүмкіндік. Бір алаңда жас суретшілермен қатар қылқалам шеберлері мен сәндік-қолданбалы өнер өкілдері де өз туындыларын көрермен назарына ұсынуда.

Фестиваль бағдарламасының келесі бөлігі туристік бағытта жалғасады. Қонақтар қызғылт қоқиқаздар мекендейтін аумақтарға экскурсияға барады. Мамандар қорық аумағының ерекшеліктері мен табиғатты қорғау аймағындағы тәртіп ережелері туралы кеңінен ақпарат береді.

Мәдени бағдарлама да күні бойы жалғасады. Фестиваль қонақтарының алдында фольклорлық ұжымдар мен жас домбырашылар өнер көрсетеді. Сонымен қатар «Ұлы дала әуені» халық музыкасы фестивалі ұйымдастырылады.

Айта кетейік, Flamingo Fest фестивалі Қорғалжын ауданында екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Алғашқы фестиваль өткен жылы Бытығай тарихи кешенінің аумағында ұйымдастырылған болатын. Биылғы негізгі іс-шаралар Қорғалжын ауылының орталығында өтуде.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *