Ақмола облысында тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төккен тұрғын жауапкершілікке тартылды

Жаңалықтар
view 35
news

ресми ақпараттан

Целиноград ауданының Қараөткел ауылында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төгу орны анықталды, деп хабарлайды prosud.kz.

Ауылдық округ әкімдігі мен құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде заңсыз қоқыс үйіндісін ұйымдастырған адамның жеке басы қысқа мерзімде анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, ресми ескерту берілді.

Айта кету керек, сол күні аталған аумақта ауқымды санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілді. Қоқысты тазалауға еріктілер, волонтерлер және жергілікті тұрғындар белсенді қатысты. Бірлескен күш-жігердің арқасында барлық қалдықтар жиналып, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған мамандандырылған полигонға шығарылды. Ластанған аумақ толықтай ретке келтірілді.

Бүгінде ауылдық округ аумағында күн сайын жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында мұнда тұрақты түрде экологиялық акциялар ұйымдастырылады. Соңғы сенбіліктер барысында бірлескен күшпен шамамен алты тонна қоқыс жиналды. Бұл шаралар халық санының артуына байланысты ерекше маңызға ие. Ресми түрде ауылдық округте 27 600 тұрғын мен бес мың заңды тұлға тіркелгенімен, белсенді құрылыс пен көші-қонды ескергенде нақты тұрғындар саны қазірдің өзінде 40 мың адамға жуықтап қалды.

Әкімдіктің айтуынша, ауыл аумағында заңсыз қоқыс үйінділеріне жол берілмейді. Елді мекеннің тазалығын сақтау әрбір түскен хабарламаға жедел ден қоюдың арқасында мүмкін болып отыр.

– Ең алдымен біз тұрғындармен жұмыс жүргіземіз. Ауыл халқына экологиялық мәдениет пен туған жерге деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруға күш саламыз. Бірлескен экологиялық акциялар мен сенбіліктер осы мақсатқа қызмет етеді. Сонымен қатар тұрақты рейдтер өткізіліп, бақылау күшейтілген. Табиғатқа қарсы жасалған кез келген құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, заң аясында жауапкершілікке тартылуы тиіс. Бұл өзгелерге сабақ болуы қажет, – деді Қараөткел ауылдық округінің әкімі Даурен Жеңіс.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *