Ақмола облысының мемлекеттік органдарына 125 мыңнан астам өтініш түскен

Жаңалықтар
view 52
news

Фото: Ресми дереккөзден

Биыл жеті айда Ақмола облысының әкімшілік органдарына 125 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 90 пайыздан астамы «e-Otinish» жүйесі арқылы электронды форматта жолданған, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Өтініштерді есепке алу саласындағы жұмыстың негізгі көрсеткіштері туралы брифингте ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті Өтініштерді талдау және бақылау бөлімінің басшысы Ләззат Құдабаева айтып берді.

Өтініштердің басым бөлігі жеке тұлғалардан түскен – шамамен 104 мың. Өңір тұрғындары көбіне жер қатынастары, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сот жүйесі және құрылыс мәселелерін көтерген.

«Өтініштер халықты алаңдатқан мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды шешу үшін қажетті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Оларды сапалы әрі объективті қарау мемлекеттік органдарға деген азаматтардың сеніміне тікелей әсер етеді», – деді Ләззат Құдабаева.

Есепті кезеңде шамамен 85 мың өтініш қаралған, тағы 31 мыңға жуық өтініш құзыретіне сәйкес басқа мемлекеттік органдарға жолданған.

Бүгінде азаматтардың өтініштерімен жұмыс жүргізу үдерісі цифрлық форматқа белсенді түрде көшуде. Жеті айда «e-Otinish» жүйесі арқылы 115 мыңға жуық өтініш түскен. Жүйе азаматтарға өтініштерді онлайн жолдауға, олардың қаралу барысын бақылауға және қажет болған жағдайда қабылданған шешімге шағымдануға мүмкіндік береді.

«Бүгінде азаматтардың өтініштері халықты толғандыратын мәселелер туралы маңызды ақпарат көзі болып отыр. Бұл деректерді талдау жүйелі сипаттағы мәселелерді анықтап, қажетті басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар цифрлық платформа одан әрі жетілдіріліп келеді. Жүйеде өтініштерді автоматты түрде талдау үшін жасанды интеллект элементтері енгізілуде. Қауіп-қатерлерді анықтауға арналған аналитикалық жасанды интеллект моделі қазірдің өзінде білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер қатынастары, жолдардың сапасы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау сияқты алты саланы қамтиды.

«Жаңа технологияларды пайдалану проблемалық мәселелерді жедел анықтап, мемлекеттік органдардың күш-жігерін оларды шешуге бағыттауға мүмкіндік береді», – деп қорытындылады Ләззат Құдабаева.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *