Ақмола облысының құтқарушылары 38 дауылды ескертуге әрекет етті
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Қыс мезгілінің басталуымен Ақмола облысында ауа райына байланысты сын-қатерлер басталды. Боран, тұман, көктайғақ және желдің екпіні – мұның бәрі өңірдің автожолдарындағы төтенше жағдайларға себеп болды. Алайда, жедел әрекет ету және алдын-алу шаралары қысқы апаттардың санын азайтуға көмектеседі. Бұл туралы Ақмола облысы ТЖД ТЖЖБ бастығының міндетін атқарушы Дулат Қайыртаев брифингте мәлім етті, деп хабарлайды janabastau.kz Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Жағдайды бақылау және жедел әрекет ету үшін 11 қарашадан бастап Төтенше жағдайлар департаменті базасында облыстық жедел штаб жұмысын бастады. Ал 2 желтоқсаннан бастап облыстың азаматтық қорғаныс аумақтық жүйесі күшейтілген дайындық режиміне көшірілді.
Қыс басталғалы «Қазгидрометтен» алынған 38 дауылды ескертуге уақытылы әрекет етіліп, автожолдардың 82 учаскесінде қиындықтардың алдын алуға мүмкіндік туды. Бұл жерлерде 8 рет жол қозғалысына шектеу қойылды немесе толықтай жабылды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты құралдарының бірі – халықты дер кезінде ақпараттандыру. Қыс мезгілі басталғалы 50 SMS-хабарлама жіберіліп, «Дармен» мобильді қосымшасында 59 хабарландыру жарияланды.
Бұл шаралар жүргізушілерге қауіпті бағыттардан аулақ болуға және сапарларын ауа райын ескере отырып жоспарлауға мүмкіндік береді.
«Ақмола облысы ТЖД 82 арнайы жоғары өтімді автокөлікті дайын күйінде ұстауды қамтамасыз етіп, Аршалы, Бұланды және Жақсы аудандарында үш медициналық-құтқару пунктін ашты. Бұл пункттер медициналық көмек көрсетуге ғана емес, жылыту орындары ретінде қызмет етеді. Қыс мезгілі басталғалы ТЖД бөлімшелері екі бала мен 80 шетелдік азаматты құтқарып, жолдары жабылған аумақтардан эвакуацияланған 40 адамды, оның ішінде 9 баланы жылыту орындарына орналастырды», – деді Дулат Қайыртаев.
Сонымен қатар, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 3000-нан астам көлік құралынан тұратын үш автоколоннаға ілесіп жүру ұйымдастырылды.
Алайда ескертулерге қарамастан, кейбір жүргізушілер ауа райы болжамдарын және қозғалыс шектеулерін елемей, өздерін және басқаларды қауіпке душар етуде. Осындай жүргізушілердің бірі ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы бойынша жауапқа тартылды.
Төтенше жағдайлар департаменті сапарды жоспарлау кезінде ауа райы болжамын және жолдардың жабылуы туралы ақпаратты «Қазавтожол» ҰК сайтынан немесе 1403 телефоны арқылы нақтылауға кеңес береді. Сондай-ақ, құтқару қызметінің «112» SMS-хабарламаларын және синоптиктердің ескертулерін ескеріп, ауа райы нашарлаған жағдайда сапарды кейінге қалдыру немесе теміржол көлігін пайдаланған жөн.
«Төтенше жағдайлар қызметтері мен жол ұйымдарының үйлесімді жұмысының арқасында Ақмола облысы қысқы маусымның қиындықтарымен сәтті күресуде. Дегенмен, көп нәрсе азаматтардың жауапкершілігіне байланысты. Маман кеңестерін сақтау және ауа райы жағдайларына мұқият қарау апаттардың алдын алуға және өмірді сақтап қалуға көмектеседі», – деп атап өтті спикер.
Пікірлер (0)