Ақмолада тұтынушының құқығы қалай қорғалуда ?

Жаңалықтар
view 57
news

Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

2025 жылдың алғашқы алты айында Ақмола облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында айтарлықтай өзгерістер мен белсенділіктің артқаны байқалды. Осы мәселеге қатысты Ақмола облысында атқарылған жұмыстар туралы өткен брифингте Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті облыстық департаменті басшысының орынбасары Самат Сайдалин баяндады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

Самат Сайдалиннің айтуынша, жыл сайын тұтынушылар тарапынан шағым саны артып келеді. Бірақ бұл жағымсыз үрдіс емес, керісінше оң құбылыс.

«Биылғы жартыжылдықта департаментке 404 өтініш түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға көп. Азаматтар өз құқығын біле бастады, құқықтық мәдениет қалыптасып келеді. Біз үшін бұл өте маңызды көрсеткіш», – деді ол. 

Шағымдардың көбі бөлшек сауда мен онлайн сатып алуға байланысты. Әсіресе интернет-дүкендерден алған тауардың сапасыз шығуы немесе тауардың мүлде келмеуі жиі кездеседі. Жалпы, 98 шағым осы интернет саудаға қатысты тіркелген.

«Instagram, Kolesa.kz, Wildberries сияқты алаңдарда жиі алдану фактілері орын алуда. Біз бұл туралы халықты ескертіп келеміз. Әсіресе жеке сатушылардан тауар алғанда төлемді алдын ала жасамау қажет», – деп атап өтті департамент басшысының орынбасары.

Бір ғана Көкшетау қаласында массаждық құрылғыға қатысты туындаған даудан кейін 4,2 миллион теңге тұтынушы пайдасына қайтарылған. Сонымен қатар жыл басынан бері 1,68 млн теңге тұтынушыларға қайтарылған, бұл – кәсіпкер мен тұтынушы арасындағы даулы қатынастардың медиациялық жолмен шешілгенін көрсетеді.

Бақылау және профилактикалық іс-шаралар да назардан тыс қалған жоқ. Жарты жыл ішінде департамент тарапынан 16 тексеру жүргізіліп, 11 жағдайда ескерту берілген, 216 мың теңгеден астам айыппұл салынған.

«Біздің мақсат – тек жазалау емес, ең алдымен кәсіпкерлермен түсіндіру жұмысын жүргізу. Сондықтан да айыппұлдан бұрын ескерту әдісін қолдануға тырысамыз», – дейді Самат Сайдалин.

Тұтынушыларға арналған ақпараттық жұмыс та жандана түсті. Мысалы, «Сапалы өнім» жобасы аясында 21 түрлі тауар сарапталып, 3 жағдайда техникалық регламент бұзылғаны анықталды. Бұл тұрғыда 157 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар әлеуметтік бағыттағы бастамалар да іске асуда. Ақкөлде пилоттық негізде енгізілген «Әлеуметтік әмиян» жобасы – халыққа нақты көмектің жаңа форматы. Бұл жүйе арқылы әлеуметтік осал топтар азық-түлікті цифрлық ваучермен сатып ала алады.

«Тұтынушы құқығын қорғау – тек сауда емес, азаматтың лайықты өмір сүру құқығы. Біз үшін әрбір шағым маңызды, өйткені оның артында адамның көңіл күйі, өмір сапасы тұр», – деп қорытындылады Самат Сайдалин.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *