Ақжолтай жаңалық: Қазаннан Ахмет Байтұрсынұлының суреті табылды
Сурет: Ашық дереккөзден
Ғалым Қайырбек Кемеңгердің мәлімдеуінше, Татарстан астанасындағы Ұлттық музейден құнды сурет табылды, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі 24KZ арнасына сілтеме жасап.
Қыркүйек айының басында музей қорынан шыққан суретте татар зиялысы Мұхаммед Идрисовтың есімі ғана жазылған. Дегенмен, қазақстандық ғалымдар бейнеден ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлын бірден таныған.
Музей қызметкерлері әуелде суретті түсіруге рұқсат бермегенімен, кейін келісімін берген. Қайырбек Кемеңгердің айтуынша, Ахаңның Қазан қаласында болғаны бұған дейін ғылыми еңбектерде көрсетілмеген. Алайда зерттеу нәтижесінде ол 1927 жылдың күзінде татар зиялыларымен бірге араб әліпбиін реформалау жөніндегі комиссия құрамында жұмыс істегені анықталды.
Бұл жөніндегі дерек сол жылы «Мағрифат» журналының 12-нші санында жарияланған. «Құжатта Мұхаммед Идрисовтың есімі жиі аталады. Дегенмен түпнұсқа суреттен Ахмет Байтұрсынұлының айқын бейнесін көруге болады», – дейді ғалымдар.
Пікірлер (0)