Астанада аритмияны емдеудің жаңа тәсілдері талқыланды
Фотосурет: ҚР ДСМ
Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында Орталық Азия аритмологиялық саммиті өтті. Бұл жүрек ырғағының бұзылуын диагностикалау мен емдеудің өзекті мәселелеріне арналған маңызды өңірлік шара болды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Форум ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Еуропалық жүрек ырғағы қауымдастығының, Дүниежүзілік аритмия қоғамының, Жібек жолы жүрек ырғағы қоғамының, Қазақ аритмологтар қоғамының және Астана медицина университетінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Екі күнге созылған саммитке Қазақстан, Түркия, Аустрия, Корея, Қытай, Польша, Әзірбайжан, Германия, БАӘ, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің жетекші кардиологтары мен аритмологтары қатысты.
Форум барысында мамандар:
- Қазақстандағы жүрекшелер фибрилляциясын абляциялау тәжірибесін,
- катетерлік емдеудің заманауи әдістерін,
- ересектердегі туа біткен жүрек ақауларымен байланысты аритмияны,
- кенеттен жүрек өлімінің алдын алу тәсілдерін,
- кардиовертер-дефибрилляторларды имплантациялау және жүректі физиологиялық ынталандыру технологияларын талқылады.
Аритмияны жоғары технологиялық емдеудегі жаңа тәсілдерге ерекше назар аударылды.
Айта кетейік, биыл мамыр айында Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының құрамында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген Жүрек ырғақ орталығы іске қосылған болатын. Бұл орталықта 3D навигациялық карталар жасау, радиожиілік және импульстік абляция, электродсыз кардиостимуляторлар имплантациясы және эндокард электродтарын алу сияқты күрделі процедуралар орындалады.
Пікірлер (0)