20-22 қыркүйек күндері елордада Astana Media Week-2023 өтіп жатыр. Жетінші рет өтетін медиаапталықта Қазақстан мен шетелден келген медиаиндустрияның жетекші сарапшылары жаңа тенденцияларды, өзгерістер мен этиканы талқылауда. Аталмыш іс-шараға Қосшы қаласының журналистері де қатысуда.
Өз құттықтауында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Astana media week еліміздің ғана емес, жалпы медиа кеңістігінде маңызы зор дәстүрлі шараға айналғанын атап өтті.
«Бұл жиынға жыл сайын шетелдік беделді тұлғалар, беделді сарапшылар мен білікті медиа мамандары арнайы қатысуы осының айғағы деп білемін. Мемлекет бұқаралық ақпарат құралы саласындағы заңнаманы жетілдіруге ерекше көңіл бөліп отыр. Сонымен қатар, биыл мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асырудың негізгі бағдарын айқындайтын тұжырымдамалық құжат – ақпараттық доктрина қабылданды. Медиа саласы қоғамдық өмірдің барлық салаларына әсер ететіні белгілі. Салада үздіксіз трансформация мен цифрландыру, жаңа платформалар, коммуникация құралдары мен хабарламаларды беру әдістері жаңарытп отырады. Бұл БАҚ-ты жаңашылдыққа бейімдеуге, үнемі дамып, жаңғырып отыруға жетелейтіні анық», - деді Мәдениет және ақпарат министрі апталықтың ашылу салтанатына жіберген бейнеқұттықтауында.
А. Балаева Astana media week-тің отандық медиаиндустрияны дамытуға игі әсерін жоғары бағалады. Сонымен бірге, жылдам өзгеріп, қарқынды дамып келе жатқан ақпараттық әлемде дәстүрлі БАҚ-тың мәселелерін шетелдік сарапшылармен бірге талқылайтын бірегей алаңға айналғанын ерекше айтып өтті.
Медиа алаңға арнайы шақырылған қонақтар – ұлттық ведомстволар мен телеарналардың басшылары, Түркия, Корея, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген танымал журналистер мен продюсерлер қатысты. Бағдарлама шеңберінде цифрлық сауаттылық, деректерді қорғау, әлеуметтік желілердегі этика тақырыптары қаралады. Сарапшылар бұқаралық ақпарат құралдарындағы медиа өлшемдер мен жарнама тақырыбын, жалған ақпаратты таратуға және жарнамадағы манипуляцияларға қатысты мәселелерді талқылайды.
Жанар АХМЕТОВА
Пікірлер (0)