Атбасар түрмесіндегі азаптау: алқабилер сотталушыларды ақтап әлек
Фото: видеодан скрин
Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында алқабилердің қатысуымен қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 12 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Оларға азаптау бабы бойынша айып тағылған, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, алқабилер сотталушыларды кінәсіз деп таныған.
Алқабилер істі қарау қорытындысы бойынша сотталушылардың кінәсіздігі туралы шешім шығарды. Қылмыс оқиғасының болмауы және сотталушылардың кінәсіздігі туралы шешім кеңесу бөлмесінде дауыс беру арқылы қабылданды. Дауыс беруге 10 алқаби және 1 судья қатысып, әрқайсысы бір дауыстан ие. Дауыс беру кезінде артықшылық қарастырылмаған, – делінген сот таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ ақталғандарға реабилитация құқығы берілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 12 қызметкеріне Атбасар қаласындағы мекемеде жазасын өтеп жатқан адамдарды азаптады (Қылмыстық кодексінің 146-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы) деген айып тағылған.
2023 жылы әлеуметтік желіде түрмеде азапталған адамның видеосы тараған. Кейіннен оның құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп таныған Тимур Дәнебаев екені белгілі болған.
Биылғы ақпан айында Атбасар колониясының бұрынғы 12 қызметкерін алқабилер соты ақтаған. Ақмола облыстық прокуратурасы үкімімен келіспеген және оған қарсылық білдірген. Сәуір айында Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен үкім жойылып, іс қайтадан сот қарауына жіберілгені хабарланған.
Пікірлер (0)