Миллиардтаған шығыннан кейін «Қазпоштаның» қаржы директоры қызметінен кетеді
Фото: informburo.kz
«Қазпошта» АҚ директорлар кеңесі компанияның қаржы блогына қатысты кадрлық шешімдер қабылдады. Бұл туралы 2025 жылғы 11 желтоқсанда өткен директорлар кеңесінің кезектен тыс отырысының хаттамасында айтылған, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Kursiv.media жазды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Басы даудан арылмаған «Қазпоштаның» бұрынғы басшысы Президент Әкімшілігіне лауазымды қызметке барды
«Қазпошта» газет-журналдардың жаназасын шығарып жатыр»: Басылым құрылтайшылары бас көтерді
Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 1 наурыздан бастап «Қазпоштаның» қаржы жөніндегі басқарушы директоры және басқарма мүшесі Азамат Кескинбаевтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылады.
Сонымен қатар компания басқарманың жаңа мүшесін бекітті. 2025 жылғы 15 желтоқсаннан бастап қаржылық сервистер жөніндегі басқарушы директор және басқарма мүшесі болып Нұрқанат Нұракинов тағайындалды.
Азамат Кескінбаев «Қазпоштаға» дейін екі жыл бойы ForteBank-те қаржылық талдау бағытының жетекшісі қызметін атқарған.
Ал Нұрқанат Нұракиновтың қаржы саласындағы еңбек өтілі 30 жылдан асады. Ол бұған дейін «Қазпоштада» атқарушы директор, тәуекелдер мен комплаенс жөніндегі басқарушы директор, сондай-ақ басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарған. Сонымен қатар бірқатар коммерциялық банк пен қаржы ұйымдарында басшылық лауазымдарда жұмыс істеген.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Баспасөз өліп барады»: «Қазақ газеттерінің» басшысы Дихан Қамзабекұлы ауыр сынға қалды
«Қазақ «Көрпеңе қарай көсіл» дейді»: Дихан Қамзабекұлы өзін сынағандарға жауап берді
Кадрлық өзгерістердің нақты себептері хабарламада көрсетілмеген. Шешім Директорлар кеңесінің өкілеттігі аясында қабылданған.
Айта кетейік, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кіретін «Қазпошта» АҚ 2,9 млрд теңге көлемінде таза шығын шеккен.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында компания 731,1 млн теңге таза пайда көрсеткен. Осылайша, жылдық есепте қаржылық нәтиже 3,6 млрд теңгеден астамға төмендеді.
Пікірлер (0)