«Қазпошта» газет-журналдардың жаназасын шығарып жатыр»: Басылым құрылтайшылары бас көтерді

Жаңалықтар
view 185
news

Фото: ашық дереккөз

Күні кеше «Семей таңы» облыстық газетінің бас редакторы Риза Молдашева facebook-тегі парақшасында «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Дихан Қамзабекұлына үндеу жолдап, 2026 жылға баспасөзге жазылу науқаны басталғалы ел арасында дүрбелең туындағанын айтып, жазба жариялаған болатын. Оны JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі жариялады. Көп өтпей «Қазақ газеттері» ЖШС басшысы үн қатып, аталған мәселеге қатысты өз пікірін білдірді. Оны да жария еттік. Енді өзге де басылымдардың құрылтайшылары, бас редакторлары «Қазпошта» АҚ тарапынан болып жатқан проблемаға қатысты өздерінің жанайқайын жеткізіп жатыр. Төменде сол пікірлерді ықшамдап беріп отырмыз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Баспасөз өліп барады»: «Қазақ газеттерінің» басшысы Дихан Қамзабекұлы ауыр сынға қалды

«Қазақ «Көрпеңе қарай көсіл» дейді»: Дихан Қамзабекұлы өзін сынағандарға жауап берді

«Мемқызметкерлер газетке жазылғысы келмей, шіренеді»

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Ақмола облыстық «Арқа ажары», «Акмолинская правда» газеттерінің басын біріктірген «Ақмола - Тіршілік» ЖШС директоры Жабал Ерғалиев басылымдардың таралымы жыл сайын кеміп бара жатқанын растап, ортақ күшке жұмылу қажет екенін айтты.

Республикалық БАҚ-тар сияқты облыстық газеттер де қиыншылықты көріп жатыр. Таралым жыл сайын кеміп келеді.

Бұрын мемқызметкерлер мен мұғалімдер, бюджет қызметкерлері есебінен ептеп тираж жинап алушы едік. Енді газеттерге «зорлап» жазғызуға болмайды» деген бір ұстаным шығып еді, бәрі де ат-тондарын ала қашатын болды. «Көмектесіп, қолдаңыздар» десек, мұрындарына газеттің не екенінің иісі бармайтындар «дұрыс газет шығарыңдар» деп шіренеді.

Жалпы мемлекет тарапынан БАҚ-қа, соның ішінде газет шығару ісіне мүлдем жаңа көзқарас керек. Болмаса газеттерді жауып тастау керек. Болмаса қаржыландырып, таралымын арттыруға да ортақ күш жұмылдырылуы керек! Олай болмаса, кітап оқитын ұрпақ қалыптастыру жай сөз болып қала береді, - дейді Жабал Ерғалиев.

«Бағаның көтерілуі қоғам үшін де салмақ»

Қарағанды облысындағы бірнеше БАҚ-тың басын біріктірген «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілдә да Дихан Қамзабекұлы көптің көкейінде жүрген үлкен проблеманы көтергенін жеткізді.

Шынында да, соңғы уақытта елімізде мерзімді баспасөзге жазылу бағасының күрт өсуі қоғамда орынды алаңдаушылық тудырып отыр.

Ешқандай да басылым өз бағасын көтеруге мүдделі емес. Редакциялардың өміршеңдігі газет-журналдың оқырманға кеңінен тарауына тікелей байланысты. Сондықтан оқырмандар бағаны кім және не себепті өсіріп отырғанын білуі тиіс.

Бүгінгі қымбатшылықтың басты себебі – қағаз, бояу, баспа шығындарының бірнеше есеге артуы және ең негізгісі – «Қазпошта» АҚ тасымалдау тарифтерін жыл сайын едәуір көтеріп келе жатқаны. Бұл баспасөздің өзіне ғана емес, қоғам үшін де ауыр салмақ.

Мәселенің түп-төркіні – газетті ауылдарға дейін жеткізуге берілетін мемлекеттік субсидияның жыл сайын қысқаруы. Субсидия азайған сайын «Қазпошта» тарифті көтеруге мәжбүр екенін мәлімдеп отыр. Осы себепті бүкіл редакциялар бұл шешімнің салдары туралы тиісті органдарға талай рет хат жолдап, мәселені бірлесе шешуді сұрап келеді.

Газет-журнал – бүгінгі аласапыран ақпарат дәуірінде ұлттық құндылықты, салмақты сөзді, сараптамалық ойды сақтайтын бірден-бір алаң. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, баспасөз дәстүрі үзілмеуі керек. Бұл – өркениетті қоғамның белгісі, - деді ол.

«Бағаны шарықтатып тұрған кім?»

Сондай-ақ республикалық «Jana Bastau» газетінің құрылтайшысы, ақын Бауыржан Қарағызұлы да редакциялардың газет-журнал үшін бағаны қымбаттатуы табыс емес, амалсыздық екенін жеткізді.

Академик, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Дихан Қамзабекұлы ағамыз қоғамда көптен бері қордаланып келген күрделі түйінге назар аударды. Расында да соңғы жылдары мерзімді баспасөзге жазылу құнының шектен тыс өсуі көпшіліктің көңілінде орынды алаң тудырып отыр.

Кез келген газет немесе журнал үшін бағаны қымбаттату – табыс емес, амалсыздық. Өйткені басылымның тағдыры, оның таралымы, оқырманмен байланысы – барлығы да қолжетімділікке тікелей тәуелді. Шынайы сұрақ біреу: бағаны шарықтатып тұрған кім, қандай себеп?

Бүгінде баспа материалдарының – қағаздың, бояудың, техникалық қызметтердің шығыны бірнеше есе өсіп отыр. Бірақ ең ауыр салмақ «Қазпошта» АҚ тарапынан жыл сайын көтерілетін тасымал тарифтерінен түсті. Бұл – тек редакциялардың қаржылық жағдайын емес, жалпы қоғамның ақпаратқа қолжетімділігін қиындатып жатқан мәселе.

Түпкі себеп – ауыл-аудандарға газет-журнал таратуды субсидиялайтын мемлекеттік қолдаудың жылдан жылға қысқаруы. Субсидия азайса, «Қазпошта» тарифті ұлғайтады, ал тариф көтерілсе, басылымдар бағаға өзгеріс енгізуге мәжбүр. Осы тізбек салдары туралы редакциялар жауапты мекемелерге талай мәрте хат жолдап, ортақ шешім іздеп келеді, - деген ол Қосшы қала мәртебесін алған сәттен бастап аймақтық «Jana Bastau» газеті жарық көріп келе жатқанын айтты.

«Bastau media» ЖШС директоры қазір баспасөзге тек экономикалық өлшеммен қарау – ұлттық рухқа жасалған қатаң сынақ екенін жеткізді.

Қазір оның шығып жатқанына да 4 жылдан асып барады. Жас қаланың осы бір әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси газеті де дәл сол қиындықтың қақ ортасында тұр. Біздің міндет – өңірдің үнін анық жеткізу, халықтың сөзін жоғалтпау, қоғамға айқын бағдар болу. Сол үшін ұдайы ізденіп, қолжетімді әрі сапалы басылым қалыптастыруға күш салып келеміз.

Қазір баспасөзге тек экономикалық өлшеммен қарау – ұлттық рухқа жасалған қатаң сынақ. Газет-журнал – жай қағаз емес, халықтың ой аймағы, қоғамдық сананың кеңістігі. Сондықтан бұл мәселеде қоғам өкілдері, Парламент, атқарушы билік және журналистер қауымы бірлесе қимылдауы қажет, - деген пікірін жариялады Бауыржан Қарағызұлы. 

«Бұл – 3-4 жылда газет жабылады деген сөз»

Сондай-ақ ақын, ҚМДБ-ға қарасты республикалық «Мұнара» газетінің бас редакторы Серікболсын Хасан да бұл проблемамен бетпе-бет келгенін айтты.

«Қазақ газеттері» серіктігінің басшысы Дихан Қамзабекұлы орынды мәселені көтеріпті. «Мұнара» газетінің келер 2026 жылға жазылу бағасын біз де өсірдік. Олай етпесек, газетті шығару мүмкін емес. Себебі газетті бастыру, тарату құны қымбаттап барады. Әсіресе тарату бағасы тіпті аспандап кетті. «Қазпошта» қазір газет-журналдың жаназасын шығарып жатыр деуге болады. Газет бағасының қымбаттауы салдарынан жылдан жылда таралым да азайды.

2024 жылға дейін «Мұнараның» таралымы 30 мыңнан асып жығылса, биыл 25 мыңға жуықтады. Келер жылы тағы да 5 мың таралымнан айырылатын түріміз бар. Осылай кете берсе, ендігі 3-4 жылда газет жабылады деген сөз. «Қазпошта» тасымалдау тарифіне қатысы шешімін өзгертпесе, елдегі газет-журналдың көбінің күні қараң. Тиісті мекемелер мәселеге мән береді деген үміт бар, - деп аяқтады ол жазбасын.

Осы ретте журналист, Парламент Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бәпи де қазақ басылымдарына «Қазпошта» АҚ тарапынан болып жатқан қысастыққа үн қосты. Ол Мәжілісте арнайы жиын өткізіп, тиісті мемлекеттік органдардың араласуы мен шешім жасауына ықпал етуі әбден мүмкін ұсыныс дайындағандарын жеткізді.

Әзірге ол ұсыныста қандай тақырыптар қозғалғанын дабыра етпей, сабыр сақтай тұру керек боп тұр. Себебі, күні бұрын күркіреумен кемел шешім шықпайды. Әліптің артын бағайық! - деп жазды депутат.

Қазақ баспасөзінің жанашырлары басылымдарға қысастық көрсетіп жатқан «Қазпошта» АҚ мәселені оңтайлы шешеді деген үмітте.

P.S. JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі өз кезегінде бұл проблеманы назарда ұстайтынын ескертеді. 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *