ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық өсуі: Астанада қандай қауіпсіздік шаралары қабылданып жатыр
Астана қаласының әкімдігі
Елордада жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмау ауруларының маусымдық өсімі байқалады. Қаладағы эпидемиологиялық ахуал туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова, «№3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы» МКК-ның Медициналық бөлім жөніндегі директордың орынбасары Роза Өтегенова мәлім етті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Эпидемиялық маусым басталғалы Астанада 82 520 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Бұл өткен маусымға қарағанда 6%-ға жоғары. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 48 074 жағдай анықталған, бұл барлық жағдайдың 58%-ын құрайды. Соңғы аптада аурушаңдық 23 002 жағдайға жетіп, өткен аптамен салыстырғанда 1,5 есе өсті.
Маусым бойы жалпы 1 861 пациент стационарға жатқызылған, олардың ішінде 190 жүкті әйел және 577 бір жасқа дейінгі бала бар. Зертханалық мониторинг барысында 116 тұмау A(H3N2) жағдайы және 6 COVID-19 жағдайы анықталды. Тұмау мен COVID-19 теріс нәтиже көрсеткен үлгілерден 101 негриппозды вирус анықталды, оның ішінде риновирус, бокавирус, аденовирус, парагрипп және РС-вирус бар, сондай-ақ аралас инфекциялар тіркелді. Биылғы маусымда A(H1N1), A(H3N2) және B штаммдары өзекті болып отыр және барлығы тұмауға қарсы вакцинаның құрамына енгізілген.
14 қарашадағы жағдай бойынша 148 948 адам вакцинация алған, бұл жоспардың 99%-ын құрайды, оның ішінде медициналық қызметкерлер, жүкті әйелдер және тәуекел тобына кіретін азаматтар бар. Мектептерде аурушаңдық сыныпта 20%-дан аспайды, бұл кабинет жүйесін сақтауға мүмкіндік береді. Аурушаңдық 20-30% деңгейіне жетсе, оқу бір бөлігін қашықтан жүргізу форматына ауыстырылады, ал 30% және одан жоғары болса, оқу толықтай онлайн форматқа көшеді. Вакцинация және алдын алу шаралары ауыр жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Мамандар тұмау және ЖРВИ белгілері бар пациенттерден алынған 194 биоматериал үлгісін зерттеген. Оның ішінде 44 үлгіден тұмау вирусы анықталды, барлығы да - А(H3N2) штамы. Нәтижелер бойынша, 43-аптада - 14 үлгі, ал 44-аптада - 30 үлгі оң нәтиже көрсеткен. Дәрігерлердің айтуынша, А(H3N2) – 1968 жылдан бері белгілі маусымдық вирус, жыл сайынғы эпидемиологиялық кезеңде тұрақты тіркелетін штамм. Сондықтан бұл жаңа вирус емес.
Тұмау және COVID-19 нәтижелері теріс болған үлгілер негриппозды вирустарға тексерілді. Зерттеу барысында 98 негриппозды вирус анықталды.
Оның ішінде: риновирус - 26 %, аденовирус - 9 %, бокавирус - 12 %, парагрипп - 7 %, РС-вирус - 3 %, 43 % - аралас инфекциялар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, 2025-2026 жылғы маусымға үш штамм өзекті болып қала береді: A(H1N1), A(H3N2) және B. Барлығы қазіргі тұмауға қарсы вакцинаның құрамында бар.
Мектептерде оқушылар арасындағы аурушаңдық деңгейі бақылауда және жекелеген сыныптарда 20 %-дан аспайды. 20-30 % сырқаттанушылық тіркелсе – кабинет жүйесі уақытша тоқтатылады және жаңа оқушыларды қабылдау шектеледі. 30 % және одан жоғары болғанда – сынып қашықтан оқыту форматына көшіріледі.
Барлық мектептерде таңғы сүзгі, ауру белгілері бар балаларды дереу оқшаулау және санитариялық талаптарды сақтау жалғасуда. Бұл шаралар инфекцияның таралуына жол бермеуге көмектеседі.
2025 жылдың 13 қарашадағы жағдай бойынша инфекциялық стационарларда 359 пациент ем қабылдап жатыр, тағы 4 574 адам амбулаторлық бақылауда тұр. Қалада екі арнайы стационар жұмыс істейді: Қалалық инфекциялық орталық 160 төсектік, қажет болған жағдайда қосымша 50 орынды қайта бейіндеу мүмкіндігі бар. №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы төсек қоры 453 орынға дейін ұлғайтылған. Қазіргі таңда инфекциялық орталықта 169 төсек, ал балалар ауруханасында 460 төсек тұр.
Барлық медициналық ұйымдар дәрі-дәрмекпен, медициналық материалдармен және қажетті жабдықпен толық қамтамасыз етілген.
Халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін поликлиникаларда 101 сүзгі-кабинет жұмыс істейді.
Сондай-ақ, жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балаларға үйде қызмет көрсететін 70 мобильді бригада ұйымдастырылған.
Қазан айының басынан бері №3 балалар ауруханасының қабылдау бөліміне тәулігіне 350-500 бала түскен. Олардың 60%-ы өздігінен келгендер, 40%-дан астамы жедел жәрдем арқылы жеткізілген.
Негізгі пациенттер – 5 жасқа дейінгі балалар. Ең көп жүктеме кешкі уақытта және демалыс күндері байқалады. Пациенттердің 20-25% стационарлық ем қажет. Жүктеме артуына байланысты төсек қоры 421 орынға дейін кеңейтілді, дәрігерлік және мейіргерлік посттар күшейтілді, дәрілік қор жеткілікті деңгейде толықтырылған.
Жұмысты оңтайландыру мақсатында қабылдау посттары 3-тен 7-ге дейін көбейтілді. Сондай-ақ, Астана медициналық университетінің инфекциялық аурулар кафедрасының резиденттері мен ассистенттері тартылды.
Дәрігерлер тұрғындарды профилактикалық шараларды қатаң сақтауға шақырады: адам көп жиналатын жерлерде маска тағу, қолды жиі жуу, үй-жайларды желдету, аурушаңдық өсу кезеңінде адам көп орындарға барудан бас тарту. Алғашқы белгілер пайда болғанда, өзін-өзі емдеумен айналыспай, емханаға немесе сүзгі-кабинеттерге жүгіну ұсынылады. Мамандардың айтуынша, ата-аналардың емханаға алғашқы жүгіну деңгейінің төмендігі салдарынан көптеген науқас бірден стационарға барады.
Учаскелік дәрігерге немесе сүзгі-кабинетке уақытылы жүгіну асқынудың алдын алуға, қажетсіз госпитализацияны болдырмауға және стационарларға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарау – қазіргі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандырудың маңызды бөлігі.
Пікірлер (0)