«Баспасөз өліп барады»: «Қазақ газеттерінің» басшысы Дихан Қамзабекұлы ауыр сынға қалды

Жаңалықтар
view 361
news

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Семей таңы» облыстық газетінің бас редакторы Риза Молдашева facebook-тегі парақшасында «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Дихан Қамзабекұлына үндеу жолдап, 2026 жылға жазылу науқаны басталғалы ел арасында дүрбелең туындағанын айтты. Осы орайда журналист аймақтық басылымдар мен «Қазпоштаның» дауына қатысты серіктестік басшысының үнсіз қалуын қатаң сынға алды,  деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

«Тоқ бала аш баламен ойнамайды»

2026 жылға жазылу науқаны басталғалы ел ішінде дүрбелең… Аймақтық басылымдар мен «Қазпоштаның» дауы ушығып тұр. Ал «Қазақ газеттері» АҚ төрағасы ретінде Сізден бір ауыз сөз жоқ. «Тоқ баланың аш баламен ойнамайтыны» белгілі ғой…

Біздің төмендегі сұрақтарымыз өте қарапайым, бірақ жауап күтеміз:

1. «Егемен Қазақстанның» 2026 жылға жазылу бағасын 27 000 теңгеге көтеру мерзімді басылымдарға жасалған ашық шабуыл, журналистикаға жасалған қысым деп ойламайсыз ба?

2. «Қазпошта» газетке жазылуды 141% көтеріп жіберді. Аймақтық газеттермен кеңеспеді, бірақ «Қазақ газеттерімен» кездесіп, сіздердің қолдағандарыңызды айтып отыр.

Аптасына бес рет шығатын газеттерді «Қазпоштаның» екі рет қана таратамыз дегенін қалай мақұлдадыңыздар? Оқырмандарыңызды сыйлау, олардың алдындағы жауапкершілік, ең бастысы, ақшасы төленіп қойылған тауарды тұтынушыға мерзімінде, ескіртпей жеткізу деген түсінік Сіздерде бар ма? Бес рет шығып, екі рет те емес, екі аптадан кейін баратын газетті кім оқиды деп ойлайсыздар?

3. Газет уақытында жетпесе, ол өледі, - деп жазды Риза Молдашева.

«Халық наразы, ал «Қазақ газеттері» үнсіз...»

Оның айтуынша, қазіргі жағдай баспасөзге ауыр соққы.

Ал қағаз баспасөзінің өлуі ұлттың ақпараттық иммунитетінің әлсіреуі. Сіз мұны түсінбей отырсыз ба, әлде түсінгіңіз келмей ме?

4. Миллиардтаған бюджет қаржысын алып отырған «Қазақ газеттерінің» дәл бүгінгі жағдайда бұғып қалуын ұят деп ойламайсыз ба? Журналистер күресіп жатыр, өңірлік басылымдар шырылдап отыр, халық наразы, ал «Қазақ газеттері» үнсіз.

Мен 40 жыл журналистиканың қазанында қайнап, 28 жыл облыстық газетке басшылық жасап жүрген адаммын. Қазіргі жағдай баспасөзге жасалып жатқан ең ауыр соққы! Ауылдағы оқырмандардың «Ескіріп жеткен газетті отқа тамыздық қыламыз» деген сөзін естігенде, жүрегім қанжылады. Өйткені бұл газетті ғана емес, журналистің еңбегін, ұлттың ақпараттық мәдениетін отқа жағу, - дейді журналист.

«Шымшық сойса да қасапшы сойсын»

Сондай-ақ Риза Молдашева «Қазақ газеттері» ЖШС басшысының журналист емес, ғалым екенін меңзеп, «бас газетті басқару зертхана емес, бұл жерде ұлттың мүддесі тұрғанын» айтты.

Дихан мырза! «Егеменнің» бұрынғы биігі қайда? Сауытбек Әбдрахманов, Ержұман Смайыл, Жанболат Аупбай, Еркін Қыдыр басқарған мазмұнды, салмақты, ұлт сөзін сөйлейтін «Егемен» сіздің қолыңызда әлсіреп барады.

Сіз мықты ғалым шығарсыз… Бірақ бас газетті басқару зертхана емес. Бұл жерде ұлттың мүддесі тұр!

Қазақ «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегенді бекер айтпаған. Баспасөз өліп бара жатыр. Ал сіздің үнсіздігіңіз сол өлімге келісім бергенмен тең. Қоғам, журналистер, оқырман Сізден бүгін, дәл қазір ЖАУАП, ПОЗИЦИЯ, ӘРЕКЕТ күтеді, - деді «Семей таңы» газетінің бас редакторы.

Көп күттірген жоқ, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Дихан Қамзабекұлы журналистің жазбасына төмендегі жауабын жолдады.

Дихан Қамзабекұлы не деп жауап берді?

Ізгілікке тілеуқор қоғам, үлкен-кіші «БАҚ басшыларына не көрінген?» деп ойлап қалмауы үшін бірден түсінік бере кетейін.

1) «Қазпоштаның» 2026 жылғы жазылымға байланысты ұстанымына қарсылығымызды, хаттарымызды, кездесулерімізді білмей-көрмей, осы субъективті пікіріңізді қай дерекке сүйеніп жаздыңыз? Бұл журналист этикасына жата ма?

2) Бізге 11 газет-журнал қарайды. Соның бірі әрі бірегейі – «Егемен Қазақстан» газеті. Оның бас редакторы Ғабит Мүсірептің журналистикада үзіліссіз 35 жылдай өтілі бар. Орынбасарларының өзі кезінде республикалық газет басқарғандар.

Дәл газетке байланысты сын-ескертпеңіз болса, сол кәсіби мамандармен онлайн кездестіріп берейін. Бірақ газеттің мазмұны мен форматы туралы С. Абдрахманов бастаған аға буын өкілдерінен оң баға алып отырмыз.

3) Рас, қазіргі жазылым республикалық та, өңірлік те басылымдарға оңай болмай тұр. Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қазпоштаның» тоқтатылған субсидиясына байланысты осы мекемеге тығырықтан шығар жолды да ұсынды. «Қазпошта» өз ұстанымында қалды. Әрине, бұл ұстанымды өзгертуге «Қазақ газеттері» ЖШС-нің құзыреті жетпейді, - деді Дихан Қамзабекұлы.

Осы орайда Риза Молдашева «Қазпошта» өкілінің тарифтің көтерілуіне байланысты өзіне берген жауабын жариялады.

Тарифтердің өзгеруі бойынша біз келіссөздер мен кездесулер өткіздік. «Қазпошта» АҚ «Қазақ газеттері» ЖШС басшылығымен кездесуге бастамашы болды. Кездесуде жеткізу тарифтерін қайта қарау себептері, негіздемелері және түсіндірмелері берілді. Медиа компания тарапынан қазіргі жағдай туралы түсінік болды. Сондай-ақ «Қазпошта» АҚ «AMANAT MEDIA GROUP» ЖШС-на тарифтің көтерілгені туралы хабарлады, делінген жауапта.

«Осы жауап ойдан шығарылған ба?» – деп сұрады үндеу авторы. Алайда бұл сұраққа Дихан Қамзабекұлы үнсіз қалуды жөн көрген секілді.

«Ашық айтамын: басшылық әлсіз, кәсіби деңгейі төмен»

Бұл өзекті мәселе өзін бейжай қалдырмаса керек, жазушы, журналист, Халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин араласты.

Ол facebook-тегі парақшасында газет журналистикасына 45 жылдан аса уақытын арнағанын, бірнеше республикалық газет ашып, басқарғанын, сондықтан еліміздің басты газеті – «Егемен Қазақстанды» қоса алғанда, баспасөз саласының осындай күйге түскенін көріп, үнсіз қала алмайтынын жазды.

Бүгін баспа басылымдарында болып жатқан жағдай – жай ғана дағдарыс емес. Бұл – оны алдын алуға міндетті адамдардың өз қолымен жасаған қасірет. Мен «Қазақ газеттері» АҚ-ның қазіргі басшылығы туралы айтып отырмын.

Иә, ашық айтамын: басшылық әлсіз, кәсіби деңгейі төмен. Жауапкершілік жоқ, саланы түсіну – нөл дерлік, журналистердің жанайқайына реакция – нөл.

Елде жазылым бағасының көтерілуі талқыланып жатыр, аймақтық басылымдар дабыл қағуда, «Қазпошта» өз білгенін істеп отыр, ал миллиардтаған бюджетті иеленіп отырғандар… үнсіз. Біртүрлі, бұл – олардың ісі емес сияқты.

«Егемен» жазылым бағасын 27 000 теңгеге көтергенде, бұл – бүкіл салаға соққы. «Қазпошта» тарифтерді 141%-ға қымбаттатқанда, бұл – оқырманды мазақ ету. Аптасына бес рет шығатын газетті екі аптада бір жеткізу – жеткізу емес, баспа саласының жерлеуі.

Ал осының бәріне елдегі ең ірі холдингтің басшылығы үнсіздікпен жауап беріп отыр, - деді Бигелді Ғабдуллин.

«Қазақ газеттері» басшылығы басылымдарды қорғай алмаса, қызметінен кетсін!»

Ол егер «Қазақ газеттері» басшылығы баспа басылымдарын қорғай алмайтын болса, онда қызметінен кетсін деген талап қойды.

Позиция жоқ. Талдау жоқ. Журналисті қорғау жоқ. Бар болғаны – бәрін жұтып қойған үнсіздік. Бұл – олардың басты «стратегиясына» айналып кеткен үнсіздік.

Ауылдағы оқырманның сөзі: «Ескіріп жеткен газетті отқа жағамыз, пешке болса да». Бұл – газетке айтылған сөз емес, адамдарды осындай дәрежедегі немқұрайдылыққа жеткізген басқару жүйесіне берілген үкім. Айтайын: мұндай масқара бұрын болмаған.

Егер «Қазақ газеттері» басшылығы баспа басылымдарын қорғай алмайтын болса, онда кетсін. Ұлттық журналистиканың өліп бара жатқанын үнсіз бақылағаннан гөрі, орнына лайықты адамға жол бергені әділетті, - деп жазды жазушы-журналист Бигелді Ғабдуллин.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *