BaiQymyz байыта ма?
Фото: Astana times сайытынан
Астанада екінші жыл қатарынан «BaiQymyz-2026» халықаралық фестивал өтті.
Биыл күбісіп пісіп, қымызын сапыра келген қатысушылар саны мен қонақтардың қарасы айтарлықтай өсім көрсеткен. 2025 жылы өткен алғашқы фестивальге тек отандық шаруашылықтар ғана жиналса, биылғы жылы шара халықаралық деңгейге көтерілді. Өткен жылы еліміздің әр өңірінен 50-ге жуық қымыздың бабын білетіндер қатысса, «BaiQymyz-2026» аясында бұл көрсеткіш 20 пайызға артып, 60-тан астам қатысушыға жеткен.. Сондай-ақ биыл отандық өндірушілермен қатар Қырғызстан мен Ресей Федерациясының Саха Республикасынан келген арнайы делегациялар өз өнімдерін ұсынды. Келушілер ағыны да айтарлықтай өсіп, фестивальдің тек алғашқы күнінің өзінде-ақ кешенге 40 мыңға жуық адам бас сұқты. Қазақстанның туризм және гастрономия саласындағы маңызды жобалардың біріне айналған айтулы шара елордадағы «Қазанат» ипподромы аумағында сән салтанатпен аталып өтті. Екі күнге созылған ауқымды шара ұлттық сусынды заманауи аграрлық-мәдени брендке айналдыру бағытындағы нақты динамиканы көрсетті.
Фестивальдің басты жаңалығы қонақтарға ұсынылған және дайындалған ұлттық сусынның жалпы көлемі болды. Осы тұста өндіріс пен сұраныстың айтарлықтай өскені байқалады. Мәселен, 2025 жылғы алғашқы фестивальде 25 тонна қымыз әкелінсе, биыл бұл көрсеткіш 124 пайызға, яғни екі еседен астамға артып, 56 тоннаға жетті. Ұйымдастырушылар биылғы 56 тонналық көрсеткішті Қазақстанның рекордтар кітабына ресми түрде енгізді. Қараорман халық бапталған қымыздың дәстүрлі түрлерінен бастап, емдік мақсаттағы өнімдерге дейін 20-дан астам түрінен дәм татты.
Фестиваль тек мәдени шара ғана емес, сонымен қатар салалық кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді құралына айналып келеді. Кәсіби деңгейді арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Ең үздік қымыз» халықаралық байқауының жүлде қоры өткен жылғы деңгейде, яғни 45 миллион теңге көлемінде тұрақты сақталуы және бас жүлдеге тігілген автокөлік қымыздың бабын тапқан саба иелері арасындағы сапалық бәсекелестікті күшейтті. Сайыс аясында өнімдер бірнеше номинациялар бойынша сарапталды. Сондай-ақ шара шеңберінде қазақтың ұлттық жылқы тұқымдарының көрмесі мен 30-ға жуық асыл тұқымды малды қамтыған арнайы аукцион да өтті.
Бұл ауқымды шараның отандық кәсіпкерлер мен шаруалар үшін тиімділігі мен стратегиялық артықшылықтары өте жоғары болды. Жылқының бабын тауып, кәсіпке айналдырғандар делдалсыз, тікелей тұтынушылармен байланыс орнатып, екі күн ішінде өз өнімдерін толық сатып өткізуге мүмкіндік алды. Фестиваль алаңы шағын өңірлік брендтердің танымалдылығын арттырып, олардың жарнамалық шығындарын азайтты. Кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасып, қымызды ұзақ сақтау, қаптау және жаңа технологияларды өндіріске енгізу бағытында заманауи шешімдермен танысты.
Гастрономиялық блоктан бөлек, бағдарлама аясында жылқылар шеруі, халықаралық ат спорты шоулары және ұлттық өнімдерді әзірлеуге арналған аспаздық шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Бұл формат АҚШ пен Еуропадан келген шетелдік туристер үшін этнографиялық өнерді тікелей тануға мүмкіндік берді. Қорыта айтқанда, екі жылдық динамика көрсеткендей, «BaiQymyz» жобасы Октоберфест үлгісіндегі халықаралық деңгейдегі тұрақты мәдени-аграрлық брендке және отандық өнім сапасын бақылайтын басты алаңға айналып келеді.
Пікірлер (0)