Банктік шотқа қауіп төніп тұр: алаяқтық схеманың қатысушысы болудан қалай сақтануға болады
Фото: Ашық дереккөзден
Банктік шоттар алаяқтық жолмен алынған қаражатты аудару және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылуы мүмкін. Мұндай схемаларға азаматтар көбіне қосымша табыс табу туралы ұсыныстар немесе бейтаныс адамдардың өтініштері арқылы тартылады.
Дропперлік – үшінші тұлғалардың мүддесі үшін банктік шоттарды, карталарды немесе төлем құралдарын пайдаланып, ақша қабылдау, аудару және қолма-қол ақшаға айналдыру әрекеттері. Алаяқтар мұндай қызметті көбіне оңай әрі жылдам табыс табу мүмкіндігі ретінде ұсынады.
Егер жұмысқа орналасу үшін жеке банктік картаға ақша қабылдау, оны басқа шоттарға аудару немесе қолма-қол ақша шешіп алу талап етілсе, мұндай ұсынысқа сақтықпен қарау қажет. Бұл қаражат басқа азаматтардан телефон немесе интернет-алаяқтық арқылы ұрланған болуы мүмкін.
Қазақстанда 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы қолданылады. Ол банктік шоттарға, төлем құралдарына және сәйкестендіру құралдарына заңсыз қолжетімділікті ұсынғаны, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен аударымдардың жекелеген түрлері үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді. Жасалған әрекеттердің сипатына қарай айыппұлдан бастап, мүлкін тәркілей отырып, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Банктік шотты қорғау үшін азаматтарға мынадай сақтық шараларын сақтау ұсынылады:
- банк картасын, PIN-кодты, құпиясөздерді және SMS-кодтарды басқа адамдарға бермеу;
- бейтаныс адамдардың ақшасын жеке шот арқылы қабылдамау және аудармау;
- күмәнді жұмыс ұсыныстарына келіспеу;
- жеке деректерді бөгде адамдарға жібермеу және күмәнді сілтемелерге өтпеу;
- банктік операцияларды үнемі тексеріп отыру.
Егер шотқа белгісіз ақша түссе немесе адамның атына рұқсатсыз банктік шот ашылғаны анықталса, дереу банкке ресми арналар арқылы хабарласу қажет. Ақшаны бейтаныс адамның нұсқауы бойынша қайтармай, мәселені банк арқылы реттеген жөн. Алаяқтық белгілері болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну керек.
Қаржылық қауіпсіздікті сақтау үшін күмәнді ұсыныстардан бас тартып, банктік операцияларды мұқият бақылау маңызды.
Дереккөз: Fingramota.kz
Пікірлер (0)