Қосшыда 102 жасқа жақындаған майдангер Нұрғасым Әжітаев мәслихат сайлауында дауыс берді
Фотосурет janabastau.kz
Қосшы қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрғасым Әжітаев №750 сайлау учаскесіне келіп, мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс берді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Нұрғасым Әжітайұлы 1925 жылғы 1 қаңтарда бұрынғы Семей облысының Абыралы ауданына қарасты Сарықамыс ауылында дүниеге келген. Қазір майдангер 101 жаста. Келер жылдың 1 қаңтарында 102 жасқа толады.
1943 жылғы 15 қаңтарда, он сегізге толғанына екі апта өткенде, Нұрғасым Әжітайұлы әскер қатарына шақырылған. Новосібірдегі мергендер мектебін үздік бітіріп, Курск доғасындағы ұрыстарға авиация бөлімінің атқышы ретінде қатысқан. Кейін Берлин үшін шайқасқан. 1945 жылдың тамыз-қыркүйегінде 293-атқыштар дивизиясының құрамында Қиыр Шығыста Жапонияға қарсы соғысқан. Майдангердің марапаттары қатарында II дәрежелі Отан соғысы ордені мен «Жапонияны жеңгені үшін» медалі бар.
Соғыстан кейін Нұрғасым Әжітайұлы Абыралы аудандық оқу бөлімінде әскери инспектор болып қызмет атқарған. Кейін теміржол саласында еңбек етіп, Шаған стансасында кезекші болған. 1957 жылы Қайнар ауылына қоныс аударған. Ауылдағы кеңшарда жиырма жыл ағаш шебері болып жұмыс істеп, 1985 жылы зейнетке шыққан.
Пікірлер (0)