Басты үш құндылықты құнттамаса болмайды

Жаңалықтар
view 138
news

Фото: коллаж janabastau.kz

Мемлекеттік рәміздер – елдің тәуелсіздігін және ұлттық болмысын айқындайтын аса маңызды құндылықтар. Олар халықтың тарихи жадын, мәдениетін, дүниетанымын бейнелейді. Рәміздер арқылы мемлекет өзін халықаралық аренада танытып, азаматтарда отансүйгіштік сезімін қалыптастырады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран әрқайсысының өзіндік мазмұны мен мәні бар. Жалпы, әлем тарихында мұндай рәміздер биліктің легитимдігін бекіту мен халықты біріктіру құралы ретінде пайда болған. Тулар соғыс алаңында жауынгерлерді рухтандырса, елтаңбалар әулеттер мен мемлекеттердің мұрасын танытты, ал әнұрандар халықтың бірлігін паш етті. Оның ішінде Қазақстан Республикасында бұл дәстүр тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап жаңа мазмұнда жалғасын тапты. Бастысы, қазақ халқының ежелгі таңбалары, тулар мен ұрандары қазіргі мемлекеттік рәміздермен тарихи сабақтастықты қамтиды.

Атап айтқанда, еліміздің Мемлекеттік Туының авторы – Шәкен Ниязбеков. Ондағы көк түс – бейбітшілік пен тұрақтылықтың, ашық аспан мен еркіндіктің символы. Ортасындағы күн өмір мен энергияны, өркендеуді білдіреді. Ал қыран құс еркіндікке ұмтылған рух пен биік мұраттарды бейнелейді. Сондай-ақ алтын өрнек қазақ халқының мәдени мұрасы мен дәстүрін көрсетеді.

Екінші, Мемлекеттік Елтаңбаның авторы – Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Ондағы шаңырақ – ортақ үй, бірлік пен татулықтың белгісі, шаңырақтан тараған уықтар – көпұлтты қазақстандық қоғамды біріктіретін күш және қанатты пырақтар – еркіндік, арман және даму идеяларын бейнелейді. Жоғарысындағы жұлдыз болса, жарқын болашаққа ұмтылысты білдіреді.

Үшінші, Мемлекеттік Әнұранның мәтіні Шәмші Қалдаяқовтың музыкасына жазылған Нұрсұлтан Назарбаев пен Жұмекен Нәжімеденовтің шумақтары негізінде 2006 жылы қабылданды. Ол отансүйгіштік сезімді, елдің тарихы мен болашағына деген сенімді паш етеді.

Енді осы рәміздердің әлеуметтік-саяси маңызына тоқталсақ, ол – біріншіден, ұлттық бірлік құралы. Бұл құндылықтар әртүрлі этнос өкілдерін ортақ идея төңірегіне топтастырады.

Екіншіден, тәрбиелік рөлі зор. Әсіресе жастарға патриоттық тәрбие беруде ерекше маңызға ие.

Үшіншіден, рәміздер – халықаралық имидж. Бұл үштік елімізді әлемге танытатын дипломатиялық белгі ретінде қызмет атқарады.

Төртіншіден, бұлар – құқықтық мәртебе. Оған «Мемлекеттік рәміздер туралы» арнаулы Конституциялық заңның бекітілгені айқын дәлел. Оларды құрметтеу – Отан атты бір шаңырақ астындағы әрбір азаматтың парызы.

Бір сөзбен айтқанда, Мемлекеттік рәміздер дегеніміз – жай ғана белгі емес, халықтың рухани коды, ұлттық тұтастық пен мемлекет тәуелсіздігінің басты нышаны. Оларды қадірлеуді елдің болашағына деген зор құрмет деп білеміз.

«Қазақ даласында ежелден тулар мен таңбалар, ұрандар ерекше рөл атқарған. Бүгінгі мемлекеттік рәміздер – сол дәстүрдің жалғасы. Олар халық санасында ұлттық рухты оятады», - дейді тарих ғылымдарының кандидаты, мәдениеттанушы Қайрат Әбдірахманов.

Ал саяси шолушы Айгүл Сапарованың айтуынша, егер әр азамат мемлекеттік рәміздерді шын жүректен құрметтесе, ол ел ішіндегі бірлік пен тұрақтылықтың кепіліне айналады.

«Бұл – тек заң талабы емес, ұлттық жауапкершілік», – дейді ол.

Шынымен де Әнұран шырқалғанда бойымызды кернеген мақтаныш, көк байрақ көтерілгенде оянған сенім – тәуелсіздіктің ең қымбат жемісі. Ұлттық рәміздерді қадірлеу – біз үшін парыз ғана емес, ұрпақ алдындағы аманат. Ту, Елтаңба, Әнұранның ұлттық идеяның рухани тұғыры екенін бар жан-дүниемізбен түйсініп, оның беріктігін құнттауға баршамыз мүдделі болуға міндеттіміз.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *