Рахымжан Қошқарбаев атындағы ауылда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды
Ақмола облысы әкімдігі
Целиноград ауданына қарасты Рахымжан Қошқарбаев атындағы ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Елді мекенде жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылуы өтті. Салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Жоба ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылды. Жаңа медициналық пункт ауылдың екі мыңға жуық тұрғынын алғашқы медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік береді.
Нысанды «СМП-Қызылорда» ЖШС салды. Тапсырыс беруші – Ақмола облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мемлекеттік мекемесі.
Жобаның сметалық құны 206,6 млн теңге, келісімшарттық құны – 198,8 млн теңге. Ауданы 261,8 шаршы метр болатын ғимарат 2024 жылдың 20 желтоқсанында пайдалануға берілді.
ФАП құрамында: процедуралық және екпе кабинеттері, акушер кабинеті, стерилизациялық, физиотерапия кабинеті, ақпараттандыру және қақырық жинау бөлмелері қарастырылған. Өткізу мүмкіндігі – бір ауысымда 40 келушіге дейін. 4 жұмыс орны ашылды: фельдшер, акушер, санитар және күзетші.
Целиноград аудандық емханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Марал Архабаева нысан қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілгенін айтты:
«Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт тұрғындарға уақтылы әрі сапалы алғашқы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Мамандырдың жұмысына қажет барлық құрал-жабдық орнатылды», – деді ол.
Ауылға келген медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында «Маншук-НС» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Тимур Пшенов дәрігерлерге екі пәтер сатып алуға қаржы бөлді.
Облыс әкімі сөзінде ауылдық жерде қолжетімді медицинамен қамту – атқарушы билік жұмысының басымдығы екенін атап өтті:
«Әрбір тұрғын, қай жерде тұрса да, дер кезінде әрі сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндігі болуы керек. Персоналды заманауи құрал-жабдықпен жұмыс істеуге үйрету де маңызды», – деді Марат Ахметжанов.
Рахымжан Қошқарбаев атындағы ауылдағы ФАП-тан бөлек, бүгін ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту аясында Ақмола облысында тағы бірқатар нысан пайдалануға берілді: Шалқар ауылында – медпункт, Маншүк Мәметова ауылында – фельдшерлік-акушерлік пункт және Жалғызқұдық ауылында – дәрігерлік амбулатория.
Пікірлер (0)