Beeline, Tele2, Kcell, Altel: ұялы байланыс тарифі неге төмендемейді?
Сурет: Ашық дереккөзден
Былтыр Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, жыл соңына дейін тарифті өсірмеу жөнінде келісімге келгеніне қарамастан, оның бағасы 20-30%-ға қымбаттады. Жақында операторлар ақпан айынан бастап қызмет құнын тағы да көтеретінін жариялады. Beeline мен Tele2 ай сайынғы абоненттік төлемді 1000 теңгеге қымбаттатса, Kcell қызмет құнын 300-700 теңгеге өсірмек. Тек Altel бір тарифтің шартына өзгерістер енгізумен шектелді, деп хабарлайды janabastau.kz Aikyn.kz -ке сілтеме жасап.
Осы мәселе төңірегінде қазақстандық ұялы оперторлардың өкілінен қымбатшылықтың себебін сұрады. Бәрі бір ауыздан негізгі бірнеше себепке тоқталды. Біріншіден, кейінгі кездері интернетті тұтыну көлемі айтарлықтай артқан. Tele2 компаниясының хабарлауынша, трафик көлемі жыл сайын кем дегенде 30%-ға артады.
Beeline баспасөз қызметі сауалымызға: «Қызметтерді, әсіресе, мобильді интернетті тұтынудың өсуі инфрақұрылымды дамытуға және оны жаңғыртуға тұрақты инвестицияларды талап ететін желіге айтарлықтай жүктеме жасайды. 2020 жылдан 2024 жылға дейін бір пайдаланушыға мобильді интернетті тұтыну көлемі екі еседен астам – 11 ГБ-тан 22,5 ГБ-қа дейін өсті. Алайда қызметтер бағасының өсу қарқыны тұтынылатын ресурстар көлемінің ұлғаюынан айтарлықтай артта қалып отыр», – деп жауап берді.
Ұялы операторлардың айтуынша, тұтыну көлемі өскеннен кейін базалық станциялардың да санын арттыру, жалпы инфрақұрылымды жаңарту қажеттілігі туындайды. Бұл – екінші мәселе.
«Байланыс сапасына нұқсан келмеуі үшін Beeline өзінің инфрақұрылымын дамытуға белсенді түрде инвестиция салып келеді. Соңғы төрт жылда компанияның операциялық шығындары 300 миллиард теңгеден асты. 2024 жылы 500-ден астам жаңа базалық станциялар орнатылды, 3000 учаскеде жабдықтар жаңартылды, жаңа технологиялар, соның ішінде Алматы, Астана мен Шымкентте Massive MIMO енгізілді», – делінген Beeline-ның хабарламасында.
Tele2 компаниясы бір базалық станцияны сатып алу және орнату үшін шамамен 100 мың доллар жұмсайды. АҚШ валютасының айырбас бағамын ескере отырып, құрал-жабдыққа инвестиция үнемі өсіп келеді. Компанияның хабарлауынша, 2024 жылы Tele2/Altel Қазақстанның 7 қаласында ескірген 3G байланыс технологиясын 4G және 5G-ге ауыстырып, қайта өңдеу жұмысын жүргізді.
Үшінші мәселе ретінде олар инфялция мен доллар бағамының өзгеруін айтады. Операторлар желіні дамыту үшін қажетті құрал-жабдықтардың көбін шетелден сатып алады. Сондықтан доллар бағамының тұрақсыздығы олардың шығындарын еселеп арттыруда. Бұған қоса, инфляция да қажетті қызметтер мен жабдықтардың қымбаттауына әсер етіп отыр.
Ұялы операторлардың бағаның көтерілуін инфрақұрылымды дамытуға қажетті инвестициямен және доллар бағамының өсуімен байланыстыруы қисынды, бірақ тарифтердің қымбаттауы үнемі сыртқы факторларға ғана тәуелді ме? Егер операторлар желіні дамыту үшін тұрақты түрде қаржы бөлгенімен, олардың табысы да еселеніп жатқанын ескерген жөн.
2023 жылы Kcell-дің жалпы табысы 227,5 млрд теңгеге жетіп, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,83%-ға өскен. Сонымен қатар қызмет көрсетуден түскен кіріс 10 пайызға дерлік артып, 190 миллиард теңгеден асты. Қазақстандағы жалғыз жекеменшік ұялы байланыс операторы Beeline үшін де 2023 жыл табысты болды. Кәсіпорынның кірісі 20,8%-ға өсіп, 293,1 млрд теңгеге жетті, оның ішінде ұялы байланыс желілері табыстың 81,4%-ына жауапты. Бұл операторлардың тек шығынға жұмыс істемейтінін көрсетеді. Демек, тарифтердің көтерілуі тек сыртқы себептерге ғана емес, нарықтағы монополияға және бәсекелестіктің әлсіздігіне де байланысты болуы мүмкін.
Бұрын ұялы байланыс нарығы үш алыптың қолында болды: оның екеуі «Қазақтелеком» АҚ-тың еншілес операторы – Kcell (kcell/aktiv) пен «Мобайл Телеком – Сервис» (Tele2/Altel) ЖШС (нарықтың 62%-ы) және жекеменшік оператор – «Кар-Тел» (Beeline) ЖШС (38%). Алайда өткен жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев «бәсекелестікті арттыру жолындағы ірі қадам» деп «Қазақтелеком» АҚ мобильді активтерінің бірі «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2/Altel) Таяу Шығыстың жетекші конгломератына, Катардың Power International холдингіне 1 миллиард долларға сатқанын қуана хабарлаған болатын. 14 қаңтар күні мәміле аяқталды, бірақ оның нарықтағы үлесі әзірге белгісіз. Сонымен қатар мәміленің қандай талаптарға сай қабылданғаны, жаңа ойыншының болашақ саясаты, тарифтердің өсімі мен арзандауына қатысты осы келісімге делдал болған министрлік үн қатпады. Сондықтан бұл шешім қандай нәтижеге жеткізетінін алдын ала болжау мүмкін емес.
Нарықтың монополистік құрылымы 2022 жылдың соңында 5G желісіндегі радиожиіліктерді тарату бойынша өткізілген аукциондардың нәтижелерімен нығайды, оған сәйкес «Қазақтелеком» 5G желісіндегі қызмет тобын ұсынуда 100% монополист жеңімпаз деп танылды, яғни көрсетілетін қызметтің бағасын бір ғана компания реттейді. Бұл да жаңа желінің қолжетімділігіне өзіндік әсер етуі мүмкін.
Тағы бір мәселе – тариф бағасын есептеу. Оны компания, ҚР «Байланыс» туралы заңының 20-бабына сәйкес, шығындарына қарай өзі реттейді, баға саясатына үкіметте те, агенттік те араласпайды. Сондықтан бейінді министрлік тариф өсіміне қатысты қысқа да нұсқа қайырып, ат-тонын ала қашуды жөн көреді. Алайда «Қазақтелеком» алыбы ұлттық «Самұрық-Қазына» компаниясының еншісінде (үлесі 51% - ред.) екенін ескерсек, мемлекеттің оған сөзі өтері анық. Тіпті, былтыр желтоқсан айында ұялы байланыс қызметі бағасын көтермеу жайында хабарламасында Kcell мұндай шешімді бейінді министрлікпен кеңескеннен кейін қабылдағанын жазады. Аталмыш нарықта шынайы бәсекелестік болған жағдайда халықтың жалғыз үміті үкімет болмас еді. Жалпы Қазақстандағы байланыс нарығы шетелдік ойыншылар үшін жабық деуге болады. Сондықтан қазір тарифтердің өсімін тоқтату үшін Үкімет жаңа операторларды нарыққа енгізіп немесе қазір қызмет етіп жатқан компаниялар арасындағы бәсекелестікті реттемесе, бұл мәселе «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қала бермек...
Пікірлер (0)