«Болмаған балалық шақ» фильмінен кейінгі толғаныс
фильм постері
27 ақпанда белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезектің қазақы бестселлерге айналған «Болмаған балалық шақ» шығармасының желісі бойынша түсірілген «Болмаған балалық шақ» фильмінің премьерасын тамашалауға колледждің оқытушылары мен студенттерінен құралған ұжым болып бардық. Көптен күткен драмалық туындының ең бірінші сеансына Көкшетау қаласының «Cinema Alem» кинотеатрының 400 орынға шақталған үлкен залын толығымен алдық. Өйткені, қазақ киносының классикасына айналған «Менің атым Қожа» (1963 ж.), «Көксерек» (1973 ж.), «Алты жасар Алпамыс» (1975 ж.) фильмдерінен кейін араға 50 жыл салып, қалың көрерменге жол тартқан «Болмаған балалық шақ» кинотуындысын асыға күткен едік.
Шынайы оқиғаға негізделген бұл туынды Ақберен ақынның балалық шағынан ауыр тағдырдың сынағына түскен өмірін суреттейді. Басты кейіпкер қиындықтар мен әділетсіздікке қарамастан, өмірде өзін, өз жолын, орнын табуға және адамдық қасиеттерін сақтап қалуға тырысады.
Фильмнен керемет әсер алдық десек, аз айтқанымыз. КҮЛДІРДІ, ЖЫЛАТТЫ, ТОЛҒАНДЫРДЫ. Экраннан көргеніміз нағыз ұлы құдыретті өнер туындысы болды. Олай дейтініміз, біріншіден, Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» шығармасы Қазақстандағы №1 бестселлер екенін әлемнің өзі мойындап отыр. Нақты деректерге сүйенсек, бұл кітап әлемдік Amazon платформасында және АҚШ-тағы танымал тарихи Barnes & Noble интернет-кітап дүкенінде, AppStore, Playmarket платформаларында сатылып жатқан тұңғыш кітап. Жуырда аталған туындының аудионұсқасы әйгілі Audiobooks платформасында жарық көргелі жатыр. Кітаптың башқұрт тіліндегі нұсқасы Башқұртстан Республикасында жылдың үздік прозасы ретінде танылған. Сонымен қатар, шығарма қырғыз, өзбек тілдеріне аударылуда.
Екіншіден, «Болмаған балалық шақ» шығармасы өнер саласының үш бағытын: әдебиет, кино, театрды қамтып отыр. Алдымен, көркем әдебиет ретінде бестселлерлер қатарынан көрініп, кейіннен театрдың киелі сахнасында қойылымы қойылса, енді міне фильм ретінде қалың көрерменнің ықыласына ие болып жатыр. Бір шығарманың үш бағытта да керемет үйлесіп, сәтті шығуы қазіргі қоғамға қажет дүние.
Үшіншіден, фильмде қазақтың ғаламат таланттылығын, киелі қасиетін жою саясаты – атом бомбасының тақырыбы жатыр. Семей полигоны – қазақтың ең ауыр қасіреттерінің бірі болды. Кинода ол туралы ашық айтылмағанымен, көркем шығармада «Данышпанның дерті – қарғыс атқыр КСРО-ның басшылығы жасаған Семей полигонының зардабынан пайда болған ауру» деп келтірілген. Яғни, ядролық сынақтардың салдарынан Дәкәйдің (Данышпанның) туғанынан мүгедек болуы тек басты кейіпкердің ғана емес, бүкіл Семей өңірінің трагедиясы екенін автор жеткізе білді.
Кинодағы негізгі, түйінді әдеби бейнелердің бірі – Дәкәйдың, Бүжәйдің (құбыжық) образдары, Теріс күші. Мистикалық реңк қосу арқылы баланың ішкі болмысының шексіздігі айқын көрсетілді. Қазақ қоғамының Кеңес дәуірінен бастап, Сталиндік репрессия, ашаршылық, жалпы басынан өткен қиыншылықтардың барлығының нәтижесі қоғамда резонанс тудырды. Баланың көзқарасымен қоғамға деген теріс, антидүниелердің көп қалыптасқаны байқалады. Кеңестік, авторитарлық, ассимиляциялық, репрессиялық саясаттың өз жемісін бергені кинодан көрініп-ақ тұр.
Төртіншіден, фильм эстетикалық тұрғыдан өте әсерлі шыққан. «Болмаған балалық шақ» әдеби шығармасындағы оқиғаларға негізделген сюжеттер тізбегі жақсы қиюластырылған. Түсініксіз кадрлар, мағынасыз эпизодтар, артық дүниелер жоқ. Оқиғаның шынайылығы мен кейіпкерлердің терең психологиялық бейнесі көрерменге күшті әсер сыйлайды. Сценаристің еңбегі, режиссердің тапқырлығы, актерлердің шеберлігі ғажап үйлескен. Актерлер ойыны, ірі пландағы эмоциялары, әрекеттері тамаша шыққан. Бала Ақоштың рөлін сомдаған баланың шеберлігін сүйсіне, тамсана тамашаладық. Бірге түрлі эмоцияларды бастан кешірдік, уайымдадық, жыладық, ызаландық, ашуландық, күлдік, кешірдік. Бала өмірінің сынақтары арқылы мейірім мен қаталдықтың, үміт пен торығудың қақтығысын өткердік. Кинодан кейін шыққан ұжым да, студенттер де әртүрлі сезіммен, толқыныспен, толғаныспен шықты. Себебі, фильмнің ересекке де, балаға берер тәрбиелік мәні зор болды. Әркім өзіне бір ой түйгені анық.
Талантты ақын, қарымды қаламгер Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» фильмі – нағыз бірегей туынды. Жетім бала мен жесір әйелдің тауқыметі, өгейлік, туған-туыс бауырлардың қарым-қатынасы, туған жер тақырыбы бір кинода тоғысты. «Болмаған балалық шақ» туындысы тек көркем әдебиеттің ғана емес, қазақ киноиндустриясының да нағыз бестселлеріне айналатынына шүбә келтірмейді. Құтты болсын, жазарыңыз көп болсын, Ақберен аға!
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің ұжымы
Пікірлер (0)