БҰҰ әлемді тағы бір жойқын пандемия күтіп тұрғанын ескертті

Жаңалықтар
view 199
news

Фотосурет: БҰҰ Жаңалықтары

COVID-19 пандемиясы жұқпалы аурулар мен індеттердің адамдардың өміріне және әлеуметтік-экономикалық дамуға, әсіресе ең кедей әрі осал елдерге қандай апатты салдар әкелуі мүмкін екенін айқын көрсетті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі KAZINFORM-ға сілтеме жасап.

Бұл туралы БҰҰ 27 желтоқсанда атап өтілген Халықаралық эпидемияға дайындық күнінде еске салды.

Эпидемия мен пандемия ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне шамадан тыс салмақ түсіреді, жаһандық жеткізу тізбектерін бұзады және әйелдер мен балаларды қоса алғанда, халықтың осал топтарына пропорционалды емес деңгейде қатты әсер етеді.

Халықаралық қауымдастық тарапынан тиісті назар болмаған жағдайда, болашақ эпидемия ауқымы мен ауырлығы жағынан бұрынғы індеттерден де асып түсуі мүмкін.

Осыған байланысты ақпараттандыруды арттырып, ақпарат, ғылыми білім мен озық тәжірибе алмасуға, сондай-ақ жергілікті, ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейде білім беру және ағартушылық бағдарламаларды дамытуға ерекше мән беріледі.

Сонымен қатар БҰҰ эпидемиялардың алдын алу шараларын күшейту және кез келген болашақ қауіп-қатерге жедел әрекет етіп, төтеп беру үшін дайындықты арттыру қажеттігін атап өтті. Бұл тұрғыда адам денсаулығы, жануар және өсімдік әлемі салалары, сондай-ақ табиғатты қорғау және басқа да тиісті құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін «Біртұтас денсаулық» кешенді тәсілі маңызды рөл атқарады.

Біздің ең мықты қорғанысымыз тек ғылым ғана емес, сонымен қатар күшті жергілікті денсаулық сақтау жүйелері, барлық қажеттілікпен қамтамасыз етілген, алдыңғы шепте тұрған медицина қызметкерлері және дағдарыс жағдайында өз қауымдарын бастап жүре алатын жергілікті көшбасшылар, деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш осы күнге арналған жолдауында.

Эпидемияларға қарсы әрекет ету бойынша жаһандық күш-жігерді үйлестіруде Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесі, әсіресе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлі де орталық рөл атқарып келеді.

Бас хатшы эпидемия мен пандемия қаупі күшейіп, гуманитарлық дағдарыс көбейіп жатқанын еске сала отырып, «әрекетті кейінге қалдыруға болмайтынын» айтты.

Осыған байланысты елдер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп, Пандемияларға қарсы күрес жөніндегі келісімді әзірледі. Оның мақсаты әлем бойынша вакцинаға, ем-домға, жабдықтарға, ақпаратқа және медициналық көмекке тең қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Адамзат қорғалған кезде, бәріміз де қорғаламыз, деп түйіндеді сөзін БҰҰ басшысы.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *