Cолтүстік Корея сарбазы: Мен құдды бір Ресей өз отаным іспеттес соғыстым!
Фото The Wall Street Journal
The Wall Street Journal басылымы өзінің Exclusive бөлімінде Украина әскеріне тұтқынға түскен Солтүстік Корея сарбаздарынан сұхбат алып, мақала жариялады.
Солтүстік Корея сарбаздарының айтуынша, олар соғысқа бара жатқанын білмеген. 2024 жылдың күзінде КХДР Ресейге көмекке 12 мың сарбаз жіберді. Ким әскері Курск облысындағы ұрысқа қатысып, Суджа ауданын Украина әскерінен азат етуі тиіс болатын. Алайда Солтүстік Корея әскері үшін бұл майдан қиынға соғуда.
2025 жылдың қаңтар айында Солтүстік Кореяның қос сарбазы Курск облысындағы шайқастарда жарақат алып, тұтқына түсті. 21 жастағы Пэк пен 26 жастағы Ри тұтқынға түскеннен кейін, бір жарым ай бойы журналистермен кездесуден бас тартып келді. Араға уақыт салып тұтқындағы сарбаздар ойларын өзгертіп, Батыстық басылыммен кездесу өткізуді бастады.
Пэк екі аяғынан жарақат алған. Ал Ридің бір қолы мен жағына оқ тиген. Тұтқындағы сарбаздар Солтүстік Кореяға қайта оралса, оларды өлім күтіп тұрғанын айтты. Пэк 17 жасынан бастап Барлау бөлімшесінде сарбаз болған. Бөлімшенің негізгі мақсаты диверсиялық операцияларға қатысу және Оңтүстік Кореяға қарсы күресу болып табылады.
Солтүстік Кореяда әр сарбаз 10 жыл бойы отан алдындағы борышын өтеуі тиіс. Қазіргі таңда КХДР әскерінің саны 1,4 млн адамды құрайды, ал резервистер саны 6 млнға жуық. Осылайша Солтүстік Корея әлемдегі сарбазы ең көп елдің бірі саналады. Солтүстік Корея сарбаздары күн сайын идеологиялық дайындықтан өтеді, оның ішінде берілген бұйрықты нақты орындау бойынша психологиялық дайындық та бар.
Пэк соңғы рет ата-анасын 2021 жылы көргенін айтты. Ол әскер құрамында жүріп түрлі құрылыс жобаларына қатысқан. Жол салу, көпір жөндеу қызметтерін әскер атқаратынын мәлімдеді. Пэк отбасындағы жалғыз бала. Әкесі дәрігер, ал анасы сатушы. Бұл Солтүстік Корея азаматтарының ішінде орта тап өкілі деген сөз. Ол ағылшын тілін үйреніп, футболға қатысқанын айтты. Ал мектеп оқулықтарында Ресей мен Қытайды одақтас ел деп үйрететінін мәлімдеді.
Пэк кириллица мен орыс тілін түсінбейді. Сол себепті де ол о баста Ресейге келгенін білмеген. Ресейге келген сәтте Солтүстік Корея сарбаздарына автомат пен әскери форма, ресейлік әскери билет беріп, дайындықтан өткізген.
Солтүстік Корея сарбаздарына нақты тапсырма берілген. Тұтқынға түсуге болмайды, қажет болса өзін-өзі атуы немесе гранатамен жаруы тиіс. Солтүстік Корея әскерімен бірге Солтүстік Кореяның әскери полициясы да қоса келген және әскери бөлімшелерде нақты нұсқаулық беріп, шабуыл алдында идеологиялық сабақ өткізіп тұрады.
Ким Чен Ын Жаңа Жылда Курск облысында соғысып жатқан сарбаздарға құттықтау хатын жіберіп, олармен мақтанатынын жазған және сатқындықтан аулақ болуға шақырған.
Ал Ри есімді сарбаз мергендер бөлімшесінде болған. Ол бос уақытында сурет салуды ұнатады. «Мен құдды бір Ресей өзімнің отаным іспеттес соғыстым. Неге екенін білмеймін, бірақ менде қорқыныш сезімі болған емес», - дейд Ри сарбаз. Ол Ресей аумағына өз еркімен келгенін айтты. Ол Курск облысында Оңтүстік Корея әскерімен соғысамыз деп ойлағанын жасырмады. «Бізге Украина әскерінің құрамында Оңтүстік Корея сарбаздары бар деп мәлімдеді» дейді Ри.
Қаңтар айындағы ұрыстардың бірінде Пэк бастаған 10 сарбаз Суджа маңындағы Украина шебін шабуылдауға тырысқан. Алайда артиллерия мен дрондардың соққысына ұшырап, жақтастары қырылып қалған. Пэк аяғынан жарақат алып, өзіне қол салмақ болған сәтте есінен танып қалған. Оны Украина сарбаздары тауып алып, тұтқынға алған.
Пэк пен Ри соғыс біткен соң, Оңтүстік Кореяға кетуді ойлайды. Украина билігі оларды соттауы мүмкін немесе Оңтүстік Кореяға беруі ықтимал.
Оқи отырыңыз: Бүгінгі шындық Оруэллдің 1984 романымен қаншалықты үйлеседі?
Пікірлер (0)