Данияр Ізбасаров, Қосшы қаласының прокуроры: Жемқорлықпен күрес заңмен ғана емес, санамен де жүреді
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Сыбайлас жемқорлық – қоғам дамуына тұсау болатын ең өзекті мәселелердің бірі. Ол тек экономикалық шығындарға әкеліп қана қоймай, мемлекеттік институттарға деген сенімді әлсіретеді. Бүгінде елімізде жемқорлықтың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп, цифрландыру, ашықтық және қоғамдық бақылау тетіктері күшейтіліп келеді. Алайда бұл күресте әр азаматтың ұстанымы мен құқықтық мәдениеті де шешуші рөл атқаратыны анық. Осы орайда Қосшы қаласының прокуроры Данияр Ізбасаровпен сыбайлас жемқорлықтың себептері, алдын алу жолдары және қоғамдағы адалдық қағидаттарын қалыптастыру туралы әңгімелескен едік, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
– Данияр Ізбасарұлы, сыбайлас жемқорлықтың негізгі себептері қандай?
– Жемқорлықтың туындауына бірнеше фактор әсер етеді. Соның ішінде ең бастысы – құқықтық мәдениеттің жеткілікті деңгейде қалыптаспауында. Кейбір азаматтар заң талаптарын айналып өтуді қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Бұған қоса, жеке пайда көздеу, жауапкершіліктің төмендігі және қоғамдық бақылаудың әлсіздігі де әсер етеді. Егер адам заңды құрметтемесе, кез келген жүйеде тәуекел пайда болады.
– Осы орайда мемлекет тарапынан қандай шаралар тиімді болып отыр деп ойлайсыз?
– Соңғы жылдары цифрландыру айтарлықтай нәтиже берді. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшірілді, бұл тікелей байланыстарды азайтып, жемқорлық тәуекелдерін төмендетті. Сонымен қатар мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру, есептілік жүйесін енгізу, қоғамдық мониторинг жүргізу сияқты шаралар да өз тиімділігін көрсетіп отыр.
– Алдын алу бағытындағы жұмыстар қаншалықты маңызды?
– Алдын алу – ең тиімді тәсіл. Қылмыс жасалғаннан кейін жазалаудан гөрі, оның алдын алған әлдеқайда дұрыс. Бұл үшін тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, азаматтарға құқықтық ақпарат қолжетімді болуы керек. Әсіресе, жастар арасында профилактикалық жұмыстарды күшейту маңызды.
– Құқықтық мәдениетті қалай көтеруге болады?
– Бұл ұзақ мерзімді жұмыс. Ең алдымен, білім беру жүйесінде құқықтық сауаттылыққа мән беру қажет. Адам өз құқығын біліп қана қоймай, оны заңды түрде қорғай алуы тиіс. Сонымен қатар қоғамда заңға құрмет қалыптастыру керек. Бұл – отбасы тәрбиесінен басталатын үрдіс.
– Қарапайым азаматтың рөлі қандай?
– Әр азамат жемқорлыққа қарсы күрестің белсенді қатысушысы болуы тиіс. Ең қарапайым қадам – пара бермеу. Егер қоғамда мұндай әрекетке сұраныс болмаса, ол өздігінен азаяды. Сондай-ақ заң бұзушылықтарды көрген жағдайда үнсіз қалмау, тиісті органдарға хабарлау да маңызды.
– Осы орайда жастардың бұл бағыттағы рөліне тоқталсаңыз...
– Жастар – өзгерістің негізгі қозғаушы күші. Олар жаңа көзқарас қалыптастырып, қоғамда жаңа құндылықтарды енгізе алады. Егер жастар адалдық пен әділдікті өмірлік қағида ретінде қабылдаса, болашақта жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті қалыптасады. Сондықтан жастармен жүйелі жұмыс жүргізу – басты міндеттердің бірі.
– Қоғамда жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Бұл үшін кешенді тәсіл қажет. Мемлекет, қоғам және әр азамат бір бағытта жұмыс істеуі тиіс. Ашықтық, әділдік және жауапкершілік қағидаттары күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналуы керек. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да маңызды рөл атқарады.
– Данияр Ізбасарұлы, осы орайда қорытынды пікіріңізді білдіре кетсеңіз...
– Әділ қоғам әр адамның саналы таңдауынан басталады. Заңды сақтау – бұл тек міндет емес, ол – өмір сүру мәдениеті. Әр азамат осыны түсініп, өз әрекетіне жауапкершілікпен қараса, біз жемқорлықсыз қоғам құру жолында нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Ғани АТЫМТАЙ
Пікірлер (0)