Дәулескер күйші Райхан Мұхаммедұлы өмірден озды

Жаңалықтар
view 167
news

Қазақ руханияты үлкен қазаға душар болды. Көрнекті күйші-сазгер, Алтай-Қобда күйшілік мектебінің, әйгілі "көп қалақша ауылы" атанған Бейіс зәңгі бастаған күйшілер әулетінің белді өкілі, ұлағатты ұстаз Райхан Мұхаммедұлы 90 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Райхан Мұхамметұлы 1934 жылы Монғолияның Баян-Өлгей аймағы, Ұланқұс сұмында дүниеге келген. Даңқты күйші Баян-Өлгий аймақтық музыкалды-драма театрының тұңғыш кәсіби домбырашылар тобының мүшесі. Көптеген авторлық, әулеттік, халықтық күйлерді қазақ радиосының алтын қорына жаздырған шығармашыл тұлға. Жастайынан өнерге бейім болған Райханның кішкентай ойын баласы кезінде-ақ домбыраға бейім болғандығы айтылады. Алдындағы ұстаздары іспетті әйгілі күйшілердің туындыларын тамаша меңгеріп, тартады. 1955-57 жылдары Баян-Өлгейдегі музыкалық сауат ашу курсын бітірген. Қазақтың маңдайына біткен өнер майталмандары Хабиболла Тастанов, Алдаберген Мырзабеков, Қабыкей Ахмерұлының шәкірті болып қызмет жасайды. 1957-1991 жылдар аралығында Өлгей қаласындағы Музыкалық драма театрының ұлт-аспаптар оркестрінде домбырашы, кейіннен концертмейстер, жеке домбырашы қызметтерін атқарды. Мұхамедұлының репертуарында Алтай-Қобда қазақтарының және қазақ композиторларының күйлері және шетел музыканттарының шығармалары бар. 1975 жылы МХР еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері атағын алған. Моңғол үкіметі төрағасының стипендиаты, Құрмет грамотасының иегері. 2022 жылы Қазақстанның халық күйшісі атағын иеленген. Мұхамед ақсақал 1991 жылы атажұртқа оралып, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Көктас ауылына қоныстанды. Алғаш болып Көктас ауылынан саз мектебін құрып, осы мектептің жетекшісі әрі ұстазы болып, 2001 жылға дейін қызмет жасайды. 2002-2008 жылдары Осакаровка ауданының Сарыөзек ауылында мәдениет үйінің меңгерушісі, музыка пәнінің мұғалімі қызметтерін атқарады. Бүгінде еңбек демалысына шығып, Қарағанды қаласында тұратын ұлы Шынаттың қолында. Райхан Мұхамбетұлы өзі орындайтын «Арнау», «Ел көшкенде», «Арман», «Қобда өзені», «Сылқылдақ», «Әке арманы», «Қоштасу», «Аманат» секілді авторлық күйлері бар. Квинт (теріс) бұрауындағы жүзден аса күйдің орындаушысы. Сыбызғы күйлерін бүгінгі күнге жеткізген сыбызғышылардың бірі. «Тарту» (1965 ж), «Жеңіс» (1976), «Қобда өзен» (1979), «Достық» (1981), «Толғау» (1984), «Бақыт таңы, (1984), «Әке арманы» (1985), «Ел көшкенде» (1991), «Ата толғау» (2015), «Аманат» (2018), күйлері  мен оркестрге арналған «Космонавтар вальсі» (1982 ж) музыкалық шығармасы көпшілік көңілінен шыққан сәтті туындылар. Бұның ішінде «Қобда өзен» және «Толғау», «Әке арманы» күйлері сыбызғы, домбыра ансамбліне лайықталып жазылған күрделі туындылар. «Janabastau.kz» ақпарат агенттігінің ұжымы дәулескер күйші, композитор, ұстаз Райхан Мұхаммедұлының қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақын-туыстарына, шәкірттеріне қайғырып көңіл айтады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *