Дональд Трамп АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операциясының мерзімін жариялады
The White House
Дональд Трамп Иранға қарсы соққыларды бірнеше апта жалғастыруы мүмкін, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
АҚШ президенті Дональд Трамп New York Times басылымына берген сұхбатында америкалық әскер қажет болған жағдайда Иранға қарсы шабуылдарды төрт–бес апта бойы жалғастыра алатынын мәлімдеді.
«Біз төрт–бес аптаға жоспарлап отырмыз. Бұл қиындық тудырмайды», — деді ол АҚШ пен Израиль қазіргі шабуыл қарқынын қанша уақыт сақтай алатыны туралы сұраққа жауап бере отырып.
Сонымен қатар, Daily Mail басылымына берген сұхбатында Трамп Иранға қарсы операция «төрт апта немесе одан да аз уақытқа созылуы мүмкін» екенін айтты.
Басылымның жазуынша, Ақ үй басшысы келіссөздерге әлі де ашық екенін білдірген. Алайда ол «сөйлесу керек болса, өткен аптада сөйлесу қажет еді» деп атап өтті. Дегенмен Трамп Тегеран АҚШ талаптарын қанағаттандырған жағдайда соққыларды тоқтатуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
Трамп видеоүндеу жариялап, Иранның күштік құрылымдары мен әскери қызметкерлерін қаруды тастауға шақырды. Оның айтуынша, егер америкалық шабуылдардан кейін олар берілмесе, «өлім сөзсіз болады».
«Мен тағы да Иран ислам революциясы сақшылары корпусын, Иран армиясын, полициясын қаруларын тастап, толық иммунитет алуға шақырамын. Әйтпесе, сөзсіз өлім күтіп тұр. Бұл жағымды болмайды», — деді АҚШ президенті.
Сондай-ақ ол Иран халқына үндеу жасап, «берілген уәдені орындағанын» айтып, жағдайды пайдалануға шақырды.
28 ақпан, сенбі күні АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастаған болатын. Тель-Авив бұл соққылардың мақсаты — Тегеранның ядролық қару иеленуіне жол бермеу екенін мәлімдеді. Дональд Трамп өз кезегінде Иранның әскери-теңіз күштері мен қорғаныс өнеркәсібін жою ниетін білдіріп, ел азаматтарын режимді құлатуға шақырған.
Жексенбіге қараған түні Иран жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеи қаза тапқанын хабарлады. АҚШ пен Израиль шабуылдары салдарынан аятолланың қызы, күйеу баласы, немересі және келіні де қаза болғаны айтылды.
БАҚ мәліметінше, зымыран соққылары тек әскери нысандарға ғана емес, азаматтық инфрақұрылымға да тиіп жатыр. Өз кезегінде Тегеран Израиль аумағына және Таяу Шығыстағы америкалық базаларға қарсы шабуылдар жасауда.
Пікірлер (0)