Әжетхана қағазынан қантқа дейінгі экстаз
Жаңалықтар
156
Есіңізде ме? Карантин кезінде азық-түлікті тонналап алып, тіпті әжетхана қағазына дейін уайым болып еді ғой. Сол уайымның шекпені қантқа кигізілгелі қашан?! Кез келген дүрбелеңде азық-түлік, тұрмыстық зат бағасы шарықтай берсе, экономикалық тұрақтылыққа қашан жетеміз деген сұрақ халықтың көкейінде жүргені анық.
Карантин кезінде әжетхана қағазы өндірісінің табысы 5 есеге өскен еді. Ал баға болса 11,3%-ға артқан. Мұны өткеннің өткеліне қалдырсақ та, қымбатшылық халықты жайына қояр емес.
Ал дәл қазір қанттың «басына» не күн туып тұр? Халық тіршілігі үшін экзальтация түсе беріп шаршады. 26 шілде күні Ауыл шаруашылығы министрімен Сауда және интеграция министрі осы сұраққа жауап берді. Министр Бақыт Сұлтанов қанттың жайына тереңірек тоқталды.
«Қант «жоқ-жоқ» деп айта беруге болмайды. Жоқ деп айтқаннан, халықта сөз бар ғой «халва-халва» деген сайын аузыңда тәтті болмайды. Қант жоқ деп айта берсек, халық бұған сеніп, дүрбелеңге басады. Мен екі апта бұрын ірі желіге барып қант сатып алдым. Онда бағасы 470 тг. болған. Қазір ақпарат бойынша қант бағасы 480 теңге. Бәрін көріп, біліп отырмын. Мен өзім шәй ішкенде қант қолданбаймын, бал қосып ішемін», – деді. Бал ғана жейтін Бақыттың жауабын ой таразысына салар болсақ, шындық бетіне шымылдық тартады. Қазақстан бойынша қанттың орташа бағасы 1000 теңге. Ал, біздің Қосшыда – 800 теңге. Тіпті көп дүкендерде қант сатылмайды. Оның себебін дүкен иелері «Артық мәселеден қашу үшін, қант мүлдем сатпаймыз. Әйтпесе, соңы үнемі айғай-шуға ұласады», – деп түсіндірді.
Егер, мәселе бар болса, оның себебі мен шешімі де бар. Қант бағасының шарықтауына не себеп? Қазақстанға қанттың 93 пайызы сырттан келеді. 7 пайызы ғана елде өндірледі. Елімізде 4 ірі қант зауыты бар. Ең үлкені Талдықорғандағы зауыт.
4 зауыт бірігіп жылына 226 мың тонна қант шығарады. Демек, Қазақстан ішкі сұранысты толтыру үшін импортқа тәуелді. Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталмай тұрып, қанттың көп бөлігін Ресейден алдық. Соғыстан кейін Ресей қант экспортын тоқтатты. Сол сәттен бастап қант қатқа айналды.
Жалпы, қант – қант құрағынан немесе қант қызылшасынан өндіріледі. Қант құрағы тропикалық аймақтарда өседі. Біздің елден де қант қызылшасын өсіруге болады. Бірақ оның тасымалы бар, басқа да шаруалары қиындық туғызады. Сол себепті шикізат өсіруді ысырып қойып, шет елден қант құрағын сатып алып келеді.
Қант инжинирингінің бизнес-кеңесшісі Жамбыл Жуасбековтың пікірінше, Қазақстандағы ішкі сұранысты толтыру үшін кем дегенде тағы 3 зауыт салынуы тиіс. Қазақстанның шикізатқа мән беретін уақыты келді деген ойды тілге тиек ете отырып, «Елге қажет 550 мың тонна қант шығару үшін 4 миллион тонна қант қызылшасын өсіріп, өңдеу керек. Қазіргі 40 пайыз астық өнімділігімен бізге 100 мың гектар, төрт танапты айналымды ескерсек, 400 мың гектар егістік алқабы керек. Мұндай көлемдегі өнімді қантқа айналдыру үшін қуаты 8 мың тонна болатын, бір маусымда 1 миллион тонна қант қызылшасын өңдеуге қауқарлы екі-үш жаңа зауыт қажет болады. Сонымен, бұл қант дүрбелеңінен қалай шығу керегін білеміз. Дегенмен «Кісінікінің кілті – аспанда» демекші, шығар есіктің кілті біздің қолымызда емес.
Бұл мәселенің екінші ұшы бар. Ол «Санамызды жабайы инстинкт секілді бір әуей күш жеңіп кетеді. Біз ең осал жерінен қолға түсіп, тырп ете алмай қалған аңға ұқсаймыз» деген Төлен Әбдіктің сөзіне саяды. Жабайы инстинкт – барлық тірі жанға ортақ генетикалық мінез-құлық пен психикалық рефлексия. Бұл инстинкт адамның өмір сүруі үшін функциялардың орындалуын талап етеді. Олар: мекен, тамақ, қорғаныс, көбею.
Бір сәт ойланып, 2012 жылғы қарбаласты есіңізге түсіріңізші. «Ақырзаман келеді» деп халық жаппай май шам мен шпротқа таласпап па еді? Карантиндегі «әжетхана қағазы», осы жолғы «қант» мәселесі, бәріне ортақ бір дүние бар. Ол – адамдардың өмір сүруге деген талпынысы. Өзін-өзі сақтау инстинктінің орын алуы. Оған аман қалуға деген ұмтылыс және қорқыныш жатады. Шектен тыс экстазға берілу – өміріңізді аласапыранға айналдырады. Экстаз – сана сезім мен сыртқы әлемнен толығымен бөлініп, ішкі ойларға, идеяларға басты назар аударудан туатын күй. Адам өзін-өзі ұстай алмай қалады. Сан түрлі сезімдерге беріледі. Мысалы: ашулану, ынтық болу, құлазу, қуану және тағы басқалары. Осы дүрбелеңдерің барлығы Бауыржан Момышұлының «Өмір үшін өлгенше күрес» деген сөзін тікелей түсінуден шыққан сияқты. Сондықтан, байыбын білмей, байбаламға салынуға асықпайық.
Адамдар өмірдің қатқыл сәттерін тәттімен алмастыруға тырысады. «Қант адамның көңілкүйін жақсартады деген ұғым попмәдениетте кең тарап кетті. Сондықтан бүкіл әлемде адамдар көңіл-күйін көтеріп, шаршағанын басу үшін тәтті жеп, тәтті сусындар іше бастады», - дейді Берлиндегі Гумбольдт университетінің психологы Константинос Мантантзис. Шын мәнінде солай ма? Қант сіздің иммунитетіңізді әлсіретіп, бүйрек ауруына шалдықтырады.
Тіпті ағзаңызға хром микроэлементі жетіспей, глюкоза мөлшерін көбейтіп жібереді. Бойыңыздағы дәрумендер жойылады. Қантты көп мөлшерде жеу – тез қартайтады. Жүрек бұлшықеттерінің жұмысын әлсіретеді. Жалпы алғанда қант денсаулығыңызға кері әсерін тигізеді. Өмірлеріңіз қантсыз-ақ тәтті болсын.
Пікірлер (0)