Гаухар Қайранбаева: Конституциялық реформа орнықты басқару моделін қалыптастыруға бағытталған
Фотосурет: дереккөз
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысы елдегі жүйелі институционалдық өзгерістердің маңызды кезеңі болды. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті География және табиғатты пайдалану факультетінің аға оқытушысы Гаухар Қайранбаева пікір білдірді.
Оның айтуынша, 2026 жылға жоспарланған конституциялық реформа жекелеген түзетулермен шектелмей, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға, азаматтардың басқару үдерісіне қатысуын кеңейтуге және мемлекеттік институттардың есептілігін арттыруға бағытталған.
Сарапшы комиссия отырыстарының ашық форматта, тікелей эфир арқылы өтуі қабылданатын шешімдерге деген қоғамдық сенімді күшейтетінін атап өтті. Бұл ашықтық пен жариялылық қағидаттарының іс жүзінде жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Талқылау барысында жоғары білім беру саласындағы өзекті мәселелер де көтерілді.
Спикерлердің пікірінше, біліктілік талаптарының бірізді болмауы, академиялық ортаның ішкі ұстанымдары және оқу бағдарламаларының еңбек нарығы сұранысына толық сәйкес келмеуі саланың дамуын тежеп отыр. Гаухар Қайранбаева білім сапасын бағалау тек рейтингпен немесе формалды көрсеткіштермен шектелмеуі тиіс екенін айтты.
Оның пікірінше, нақты нәтиже, кәсіби ортаға бейімделу деңгейі, ғылыми зерттеулердің тиімділігі мен қоғамдық бастамалардың мазмұны басты өлшем болуы қажет.
Сонымен қатар, бүгінгі студенттердің сұранысы теориямен ғана шектелмей, практикалық дағдыға, аналитикалық ойлауға және жаңа технологияларды меңгеруге бағытталғаны атап өтілді. Бұл өзгерістерге бейімделу – барлық білім беру ұйымдары үшін ортақ міндет. Жалпы алғанда, сарапшы жоғары білім беру саласына жүйелі реформа мен жаңа көзқарас қажет екенін жеткізді.
Оның айтуынша, конституциялық реформа – бір реттік саяси үдеріс емес, елдің ұзақ мерзімді дамуына негіз қалайтын жауапты әрі кешенді қадам.
Пікірлер (0)