Грант-2025 иегерлерінің тізімі жарияланды
Фото: ©️ Sputnik / Айсулу Жумагулова
2025 жылғы грант иегерлерінің тізімі жарияланды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі MADENIPORTAL.KZ-ке сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биыл бөлінген білім беру гранттарының 60 пайызы инженерлік және техникалық мамандықтарға бағытталды. Бұл шешім ел экономикасының басым салаларына қажетті білікті кадрларды даярлау мақсатында қабылданды.
Конкурс нәтижесінде мемлекеттік тапсырыстың 99 пайызы игерілді. Биыл «Серпін» бағдарламасына қатысуға ниеттілердің саны артқан — 2 мыңнан астам түлек еліміздің солтүстік, шығыс және орталық аймақтарындағы ЖОО-ларға қабылданады.
Биылғы конкурсқа 113 мыңға жуық өтініш келіп түсті — бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға артық. Грант бөлу кезінде әлеуметтік осал топтарға арналған квоталар сақталды.
Дарынды жастарды қолдау мақсатында халықаралық олимпиадалар мен спорт жарыстарының жеңімпаздарына конкурссыз грант тағайындалуы көзделген.
Жоғары білімге қолжетімділікті арттыру үшін бірнеше жаңа бастама енгізілді:
-
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 5 жасар балалар үшін есепшот ашу кезінде бастапқы капитал қарастырылған «Келешек» жинақ жүйесі іске қосылды. Бұл жүйеге мемлекетпен қатар банктер мен сақтандыру ұйымдары да сыйақы төлейді. Жиналған қаржыны «Ұлттық қор – балаларға» жобасымен біріктіруге болады.
-
2024 жылы алғаш рет оқуға жұмсалатын шығынның бір бөлігін өтеуге арналған сараланған гранттар енгізілді. Қалған сома талапкердің жеке қаражаты немесе жеңілдетілген оқу несиесі арқылы төленеді. 2025 жылы мұндай гранттар саны 300-ге жетеді. Конкурс биыл қыркүйекте өтеді.
-
Биыл мерзімді әскери қызмет атқарған азаматтар үшін алғаш рет 2010 грант бөлінді. Мақсат – жастарды жоғары біліммен қамту және азаматтық өмірге бейімделуін жеңілдету.
Грант иегерлерінің толық тізімі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайтында, Telegram арналары мен www.testcenter.kz сайтында жарияланды.
Мемлекеттік грант туралы куәлікті үш жұмыс күні ішінде https://grant.testcenter.kz сайтынан жүктеп алуға болады.
ЖОО-ларға құжат тапсыру мерзімі — 25 тамызға дейін.
Пікірлер (0)