Павлодар облысында мектептерді жаңғыртуға 8 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді
Сурет: Ашық дереккөзден
Павлодар облысында білім беру мекемелерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңір мектептеріне күрделі жөндеу жүргізу үшін бюджеттен 8 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Қазірдің өзінде жеті мектеп толық дайын, олардың қатарында Павлодар қаласындағы №31 мектеп те бар. Мұнда «Винтрейд» ЖШС жылыту жүйесін жаңартқан. Бұл туралы JANABASTAU.KZ хабарлайды.
№27 мектептің қасбеті мен терезелері «Экостройсервис ПВ» ЖШС тарапынан жөнделсе, №29 мектепте бұл жұмыстармен «Отдел Жилстроя» ЖШС айналысуда. №6 мектепте екі жобаның аясында жылыту, канализация және электр жүйелері жөнделіп жатыр. Бұл жұмыстарды «Дуэт СТ» және «СевКазЭнергострой» ЖШС атқаруда. Ал №24 мектепте 264 терезе блогы ауыстырылуда. Камал Мұқамалұлы атындағы мектепті «СК Эко Строй Групп» ЖШС қалпына келтіріп жатыр.
Екібастұз қаласында бес мектеп – №9, 13, 16, 17 және Қоянды ауылындағы №14 мектепке күрделі жөндеу жасалды. Мұнда электр жүйелері, терезелер мен қасбеттер жөнделіп, аулалар абаттандырылып, жүгіру жолдары мен футбол алаңдары жаңартылды.
Ақсудағы №3 мектептің футбол алаңы жаңартылып, Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің инженерлік желілері мен мектеп ауласы жөндеуден өткізілуде.
Баянауыл ауданында үш мектеп – Егіндібұлақ, Майқайың №2 және Шәкен Айманов атындағы мектептер жөнделіп жатыр. Успен ауданында да үш мектеп жаңғыртылуда: Ковалев, Мағжан Жұмабаев және Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептер. Сонымен қатар, Ертіс, Май, Павлодар және Тереңкөл аудандарында екі мектептен, Ақтоғай, Шарбақты, Железин және Аққулы аудандарында бір-бір мектептен жөндеу жоспарына енген.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, мектептерді таңдау ғимараттарды тексеру нәтижелері мен ата-аналар, мұғалімдер мен оқушылардың өтініштері негізінде жүзеге асқан. Жөндеу жұмыстарының басты мақсаты – қауіпсіз, жайлы және технологиялық жағынан жабдықталған білім беру ортасын қалыптастыру.
Айта кетейік, кейбір мектептерде – мысалы, Железин ауданындағы Березовка, Ертіс ауданындағы Майқоныр, Баянауыл ауданындағы Егіндібұлақ пен Майқайың №2 мектептерінде – мұндай ауқымды жөндеу алғаш рет жүргізіліп отыр.
Ауқымды жаңғырту жұмыстары Камал Мұқамалұлы атындағы мектепте де қолға алынды. 1972 жылы салынған мектептің инженерлік жүйелері былтыр жаңартылса, биыл ішкі бөлмелері мен сыртқы қасбеті жөнделіп жатыр. Бұл білім ордасы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына енбек.
Жөндеу жұмыстары белгіленген кесте бойынша жүріп жатыр және 15 тамызға дейін аяқталады деп күтілуде.
Сондай-ақ, биыл Павлодар қаласының Достық шағын ауданында 500-ден астам оқушыға арналған жаңа «Жайлы мектеп» құрылысы аяқталып, 1 қыркүйекте оқушыларды қабылдайтын болады.
Пікірлер (0)