І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында кітап бұрышы ашылды
Фотосурет: дереккөз
Бүгін І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті қабырғасында «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында кітап бұрышы ашылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.
Бұл бастама жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және кітап оқу арқылы олардың рухани дамуына ықпал етуге бағытталған. Жиынға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Акерке Абылайхан, Жетісу облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Аида Бельгибаева, Талдықорған қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ғалым Мырзаханов, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі Жетісу облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі, экономикалық тергеу қызметінің подполковнигі Әлібек Ізбасаров қатысты.
Шара барысында университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Ермек Бөрібаев жастарды тұлғалық даму мен кітап оқуға шақырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», – деп атап өткен болатын. Кітап – тәрбие бастауы, әдептің негізі. Тәрбиесіз білім болмайды, ал әдеп сақталған жерде тәртіп те сақталып, заң да орындалады. Адам бойындағы бұл асыл қасиеттер заң мен тәртіпті сақтауға үлкен ықпал етеді, – деді ректор Ермек Бөрібаев.
Салтанатты жиында сөз алған комитет төрағасының орынбасары Акерке Абылайхан «Кітап оқу – озық ұлт болудың негізі» екенін атап өтіп, бұл бастаманың студенттердің дүниетанымын кеңейтуге оң әсер ететінін жеткізді. Кітап бұрышын тамашалауға келген студенттер де өз ойларын білдірді.
– Бұл бұрыш осыған дейін алған білімімізді одан әрі жетілдіруге септігін тигізетін рухани орталық болады, – дейді олар.
Жаңа ашылған кітап бұрышында құқық оқулықтары мен кодекстер, жастардың рухани дамуына ықпал ететін көркем әдебиеттер, тарихи тұлғалардың мемуарлық шығармалары да қойылған.
Олардың қатарында қазақ әдебиетінің ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы шығармаларынан бастап, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев, детектив жанрының классигі Кемел Тоқаев, академик Салық Зиманов, Сұлтан Сартаевтың кітаптарына дейін бар.

Пікірлер (0)