Қаңғыбас иттермен күрес күшейтілмек
«AMANAT» партиясы Қосшы қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Айдын Бертысбайұлының төрағалық етуімен комиссияның отырысы өтті. Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, қала әкімінің орынбасары, бөлімінің басшылары қатысқан басқосуда Қосшы қаласында қаңғыбас иттерді аулау бойынша жүргізілген іс-шаралар және 2024 жылға арналған жоспар талқыланды.
«Былтырғы жылы Қосшы қаласына бюджеттен арнайылап қаржы бөлінген жоқ. Ол Целиноград ауданының ішінде болды. Нақты сандық көрсеткіштерге тоқталатын болсақ, «ҚазШосҚұрылыс» ЖШС арқылы жалпы аудан бойынша 888 қаңғыбас ит ауланған болатын, оның 263 басы Қосшы қаласына қатысты. Биыл Қосшы қаласына бөлек қаржыландыруды көздеп отырмыз. Аталған мәселеге қатысты төрт бағдарлама бойынша 3 млн 852 мың теңге қаражат бөлінді. 220 итті аулауға 682 мың теңге, оның 30 пайызы жансыздандырылады. Оған 125 мың теңге қаражат жұмсалады. Иттерді залалсыздандыру мен вакциналауға 1 млн 79 мың теңге қаражат жұмсалады деген жоспарымыз бар. Аталған іс-шараларды жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу заңдылығына сәйкес байқау жарияланып, жеңімпаздары анықталу үстінде», дейді жылдық жоспар мен қаражатты нақтылаған Ибрагим Балтабай.
Партиялық отырысқа қатысқан қала әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы «Ветеринар маманы бізге аса қажет. Бөлінген маман ауданда отырып, бізге тек шақыртумен келеді. Бұл өте ыңғайсыз, әрі маманның аса тапшылығы байқалады. Біз бұған дейінгі отырыста да осы мәселені көтерген болатынбыз. Біз арнайы орын ыңғайласақ, сіздер маман берсеңіздер деген едік. Тайтөбеден арнайы орын қарастырып жатырмыз. Сегіз сағат жұмыс орнында бола алатын, білікті маман тауып беру жағын қарастырсаңыздар екен. Өткені малдың басым бөлігі сол жерде» деп ұсынысын жеткізді. Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Айдын Бертысбайұлы қаңғыбас иттерді аулауға бөлінген қаражаттың тым аз екендігін ескертті. Ол аталған қаражат жылдың алғашқы жартысында игеріліп тасталатындығын атап өтті. Өткен жылы бөлінген қаражаттың жетіспегендігінен демеушілер мен еріктілердің көмегімен екі жүзге жуық ит ауланғандығы сөзге тиек етілді. Қаражат мәселесі төңірегінде аудандық Ветеринария басшысының орынбасары Ибрагим Қапарұлы қосымша қаражат сұрауға мүмкідіктің бар екендігін алға тартты. Қаңғыбас, қараусыз қалған иттерден келетін қауіп көп. Оның алдын алу қоғам үшін аса маңызды. Сондықтан зерттеп-зерделеп, мәселенің алдын алуда нақты іс атқаралады деген сенім зор. Отырыста өткен жылдан сабақ алып, мәселені нақты, уақытылы шешу керек екендігі айтылды. Қаралған мәселелер бойынша ұсынымдар шығарылды, қаулы қабылданды.
Гүлназ БИСЕН
Пікірлер (0)