Ауыл – қазақтың алтын бесігі
Жаңалықтар
911
Жасы елуге жақындаған қазақтың көбінің өмірі ауылмен байланысты. Ауыл деген сөзді естігенде жүрегі дір ете қалмайтыны кемде-кем шығар. Себебі қазақтың өткені, ата-баба тарихы, тілі, діні түгелдей даламен, беріректе ауылмен байланысты. 20 ғасырдың 70-80 жылдарына дейін қалаға келіп, білім алып, қызметке орналасып қалған ер азаматтар ауылдан қол үзбеді, бала-шағасын сүйрелеп ауылға барып жүрді.
ХХ ғасырдың 80-ші жылдарында Қазақстанда өндіріс орындары қанат жайып, ауылдан келген қазақтар өздерін нық сезіне бастады. Әйелдер де өндіріске жұмысқа орналасып, қаражат тауып, киініп, мінез-құлқы өзгеріп, араласатын орта қалыптастырды. Соның нәтижесінде әйелдердің ауылға баруға қарсылығы күшейе түсті. Арнайы шақырылған той-томалақ, дос-жаран жиындарға болмаса, ауылға баруды сирете бастады. Қала өміріне үйрене білу, қаражатты есептеу, айлықтан-айлыққа жеткізу, артық ауыс-түйісті көтере бермейді. Ерлер жағы ауылдан барып ет әкелу, әке-шешеден қаржылай көмек алуға барғанда, «сөз естіп қаламын ба» деген оймен әйелдерін ертіп апарудан бой тарта бастады. Сол себепті жас балалардың да ауылға баруы сиреді. Дегенмен ауылда өскен азаматтар ауылды сағынып тұрады. Себебі ауылда айналып-толғанып отыратын ата-ана, барғанда күтетін бауырлар, тай-құлындай тебісіп өскен достары болатын. Әйелдің орны мен рөлі күшейе бастаған соң, бала-шағаның да өз жұртына қарағанда нағашыларымен байланыс арта бастады. ХХ ғасырдың соңында жалақы болмай, азық-түлік жетіспей, карточкалық жүйе, дүкендердегі кезек жағдайы қиындап, халықтың наразылығы күшейіп, нәтижесінде 1986 жылғы «Желтоқсан» оқиғасы орын алды. Алаңға шыққан қазақ жастары еді. 1990 жылдардың тоқырауы елді біржолата тұралатты. 1995 жылдары бір қап ұнның бағасы 1 500 теңгеге жетіп, тоқтыларымыз 500-600 теңге болып, бір қап ұн 2-3 қойға айырбасталып, бас-аяғы 2-3 жылда малдың саны күрт төмендеді. Нарықтық экономикаға өту қазақ үшін Голощекиннің «Кіші октябрінен» кем болмады. Қазақстанда жиналған 36 миллион бас қойдың 12 миллиондайы ғана қалды. Басқа ірі қара мал да сондай күй кешті. Қазақтың малы – жаны екені белгілі. «Мал-жан аман ба» деп сәлемдесетін қазақ арабша амандасуға көшті. Айтатын амандығы, сұрайтын малы жоқ. Ауыл тұрғындары қала жағалап кетті. Тамырынан айырылған, туған жерден босқан елдің өмірінің мәні мен мағынасы жойылды. Көрінгеннің есігін жағалап баспана іздеп, күнкөріс үшін небір есіл ерлердің жасығаннан бойындағы туа біткен ұлттық намыс жойылып, ерден езге айналды. Ертерек қамданған, жолы болған біршама жастардың қолы жүріп, үлкен қалаларға сіңіп кетті. Ата-анаға, ағайынға, туысқа қолдау көрсетті. Бірақ олар көп емес қой. Халық пен биліктің арасы ажырады. Билік төңірегіндегілер аз жыл ішінде өте байып кетті. Сырттан келген теріс діни ағымдар мен ауылдағы шала сауатты имамдар уағыздардың нәтижесінде ата-баба дінінен ажырады. Сақал қойып, мұртын қырып тастап, шалбарының балағын кескендер ақыл айтты.
Сонымен, әлемдегі озық елу елдің қатарына қосылдық, енді отыздыққа ілінеміз деп жүргенде билік ауысты. Президент 2019 жылы өз еркімен кетіп, Конституцияға сәйкес Сенат төрағасы Қ.Тоқаевқа орнын берді. Ел не болғанын түсінбей қалды. Дауыл алдындағы тыныштық дегендей, ішін тартып, артынан не болар екен деп үрейлене тосты. Халық әйтеуір бір жайсыздық боларын сезді. Экс-президент билікті бергенмен, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы, Құрметті Сенатор, көптеген қаржылық қорлардың, кеңестердің төрағасы міндеттерін сақтап қалды. Ел ішінде әңгіме көбейді. Министрлерді, өңір әкімдерін Қ.Тоқаев экс-президентпен келіспей сайлай алмайды екен деген әңгімелер жүрді. Мемлекетте «Ақорда» мен «Кітапхана» атты екі билік орны бардай сезілді. Елдің күдігі бекер емес екен, ойран-топан бас аяғы екі-үш күн ішінде «Қаңтар» келді. Елдің ішінде жаппай тәртіпсіздік туындады. Тәртіпсіздіктер Ақтау жағынан «жанармай отынның газ бағасын орынсыз қымбаттатқан, екі есе арзандатсын» деген шерумен басталғаннан кең етек жайып, Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарына жайылды. Ішкі тәртіпке жауапты Ішкі істер саласы қызметінің шамасы келмей, Қарулы күштер бөлімдерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің күштерін жұмылдыруға мәжбүр болды. Кеңінен жайылып, етек алғаны соншалықты қару-жарақ сататын дүкендер тоналып, Алматы, Тараз, Талдықорған қалаларында Ішкі істер департаменттерінің ғимараттарын басып алып, тәртіпсіздіктердің аяғы тікелей лаңкестік шабуылдарға айналып, әбден қаруланып алған ұйымдасқан шабуылшылар мемлекеттің біртұтастығына қауіп төндірді. Мемлекет басшысы ЕАЕҰ-дан көмек сұрауға мәжбүр болды. Ресей, Армения, Тәжікстан, Қырғызстан қарулы күштерін ел аумағына енгізді.
Көпті көрген білімді азамат Олжас Сүлейменов, «Желтоқсанда» алаңға шыққандарды көрген едім, жүрістері жапа-тармағай еді, «Қаңтарда» шыққандардың жүрістері сапта жүргендей, аяқ басулары басқаша, арнайы дайындықтан өткендері көрініп тұрды», деді. Ел аумағына 20 мың дайындалған террористер енгізілді деген мәлімдеме жасалынды. Не десе де, өте қауіпті жағдай болды. Дегенмен сондай сындарлы сәтте еліміздің Президенті табандылық танытты, лаңкестерге қарсы батыл шешімдер қабылдады. Мәжбүрлі шешім шығарды, оны бірсыпыра ел, оның ішінде қарсыластары болды, сан-саққа жіберді. Өз халқын өзі қырып жатыр деген, ел басына күн түскен қаралы күндер болды. Өткен соң теледидардан көрсеткендей алдын ала арнайы дайындықтан өткен қарулы топтар жоспарлы қирату, қырып-жоюға бағытталған құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, тәртіп сақшыларын, қуалап жүріп атып, тепкілеп жатқан көріністерді елдің бәрі көрді. Содырлардың салған сойқаны адам айтқысыз ресми соғыс жағдайында ондай әрекеттер бола бермейді. Өте көптеген қару-жарақ қолды болды, ел ішіне тарап кетті. Әлі көп бөлігі қайтарылған жоқ. Жаппай тәртіпсіздік кезінде 4 мыңнан астам адам әртүрлі дене жарақаттарын алған: оның ішінде 2 402 полиция қызметкерлері, 990 қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге тартылған әскери қызметкерлер бар. 19 адам қаза тапты, 40 адам оқтан, 13 адам пышақтан, 170 адам ауыр жарақаттар алды. Мемлекеттің біртұтастығына тікелей жауапты Ұлттық қауіпсіздік комитеті, оның сыртқы және ішкі барлау қызметтері, шекара қызметі іштегі және сырттағы болатын қауіптерді алдын ала болжап отыратын құзырлы органдардың тікелей міндеттері. Солардың қайда қарағаны белгісіз. Керісінше, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен Төраға, оның орынбасарлары осы лаңкестік жұмыстарға, ұйымдарға кінәлі деген күдікпен айыпталуда. Жарайды, жоғары басшылары мүдделі болды дегеннің өзінде «өңірлік қызметтерден елдің қауіпсіздігін ойлайтын ұлтжанды азаматтар болмағаны ма» деген ой келеді. Өңірлік департаменттерді генералдар басқарып отыр ғой. «Қаңтар» оқиғасының болатынын алдын ала біліп, шетелге шығып кеткендері белгілі болды ғой. Олар содырлардың толықтай жеңіске жететініне сенгендіктен, шекара асып бас сауғалап кетті. Олардың да жауап беретін кезі келетін шығар. Мемлекет басшысы лаңкестік әрекеттер басылған соң барлығын құзырлы органдар тексеріп, бағасын береді, елді хабардар етеді деген еді. Тәртіпсіздіктерден кейін әрбір өңірде тергеу әрекеттері жүргізіліп, 5 041 қылмыстық іс қозғалған. Олардың ішінде жаппай тәртіпсіздік бойынша 49 іс, терроризм актісіне қатысты 48 іс қозғалған, 62 адам сотталған. Әлі де сот процестері жүруде. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшыларына қатысты істер жабық режімде жүргізілуде. «Мемлекеттік құпиялар жөнінде» заң бар, мүмкін соған байланысты шығар. Әлі айтылмаған түсініксіз жағдайлар көп.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы К.Мәсімовтің төңірегіндегілер тікелей ұйымдастырған деген деректер бар. Екінші бір түсініксіз жағдай, еліміздегі «қылмыскерлердің серкесі» – А.Жұмағалиевтің ісі. Содырларды арнайы полигонда шабуыл жасау, қирату, тонау жұмыстарын жүргізуге жаттықтырды деген әңгіме туралы. Сонда елімізде қылмыскердің орны департамент басшысы генералдардан жоғары болғаны ма, ішкі істер министрінен жоғары тұрғаны ма? Нағыз, нақты ұйымдастырған топты ел жобалағанымен нақты айтылмай жатқандығы. Ел арасында айтылған әңгімеде Мемлекет басшысына ірі көлемде (100 млн) қаржы ұсынылып, «елден кет» деген шындығында болған болуы керек. Президентіміздің тағы да табандылық танытып, бас тартқаны. Ісімен, сөзімен ықпал ететін қариялардан ажыраған қазақ таза мәңгүртке айналуда. Айтатыны «қариялар азайып бара жатыр». Қариялар қайда кетті? Ауылда малы жоқ, кемпіріне қадірі жоқ, жағдайы төмен адамда ақыл бола ма? Кімге ақыл айтады, сөз тыңдайтын адам былай тұрсын, өз балаң тыңдамайды. «Құрыштан құйған сом болат Қарттарым аман-сау жүрші» дейтін заман қайда? Кешегі Қаңтардағы қантөгіс соның нәтижесі. Еліміздің көптеген өңірінде болған наразылық шеруіне шыққандар – қазақтар. Егер тағы да үгіттесе , алаңға шақырса, шамалы қаржы берсе тағы шығады, нақты талап та мақсат та жоқ. Қаңтардың кезінде қаржы берді, есірткі таратты деген сөз гу-гу еседі, алаңға қару-жарақ артқан автокөліктер әкелініп қойған. Сол қаруды қолға алып, ызалы жастар ғимараттарды қиратып, тонауға кірісті. Себебі билік пен халықтың арасы өте алыстап кеткен. Қаладағы сәнді тойхана, мейрамханалар, үлкен, зәулім ғимараттар, үлкен кәсіпорындарды иеленгендер қандай қаражатпен қол жеткізді? Оларды қазақ салған жоқ. Кедей табынын кернеген соларға деген кек, ыза қиратуға, өртеуге итермелеген. Сондықтан халықты сабасына түсіріп, бірлікке шақыру үшін билік әлі де ауылға көп көңіл бөлуі керек. Халықтың жерін, жайылымын, ата қонысын қайтарса, қаржылай көмек берсе, елдің беті ауылға бұрылып, алдына мал бітсе, қазақ тынышталады. Ендігі орасан зор мәселенің бірі – елімізге қауіп іштен шықпаса болғаны. Нихап, хиджап киген әйелдер мен сақалын өсірген жігіттер, діннің әртүрлі теріс ағымдарын уағыздау белең алып бара жатыр. Алматыдағы «Алтын Орда» базарында 100 доллар беріп, сақал қойғызып жатыр деген әңгімені естіп жүрміз. Елімізде діни теріс ағымдар белең алып кетті, қаупі де, ықпалы да арта бастады. Олардың артында да радикалды күштердің тұрғаны анық. Бір күні «Жихад» деп қол жинап шықпасына кім кепіл? Көрші отырған Өзбекстан, Қырғыз Республикасы әсіре исламшылармен күресті бастап жіберді. Заң жүзінде тыйым салып жатыр. Бізде де тиісті шаралар жүргізілмесе, кеш қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан ел болып, жұмылып, сақтануымыз керек. Жастарымыздың теріс ағымдарға ілесуіне жол бермеуіміз керек.
Ерғали ДІЛДӘБЕК, қалалық мәслихат депутаты
Пікірлер (0)