Астанада ауыл шаруашылығындағы су ресурстарын басқаруды цифрландыру бойынша өңірлік тренинг өтті

Жаңалықтар
view 32
news

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Астанада ауыл шаруашылығындағы су ресурстарын басқаруды жаңғыртуға арналған өңірлік тренинг өтті. Іс-шараны Су ресурстары және ирригация министрлігі Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен (АҚИҰ) бірлесе және Ислам даму банкінің (ИДБ) қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Тренингтің ашылу рәсіміне Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев, Сенаттың Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Әли Бектаев және АҚИҰ Бас директорының орынбасары Хусрав Нозири қатысты.

Тренингке ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, мәслихаттар мен өңірлік атқарушы органдардың өкілдері, ғылыми ұйымдар мен Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Түркия елдерінің делегациялары қатысты. Сонымен қатар халықаралық жетекші ұйымдардың сарапшылары, атап айтқанда Құрғақ аймақтардағы ауыл шаруашылығын зерттеу халықаралық орталығы (ICARDA) мен Су ресурстарын басқару халықаралық институты (IWMI) бар.

Тренинг аясында Түркияның Мемлекеттік гидротехникалық құрылысжайлар басқармасы (DSİ) өздерінің суару мониторингіне арналған SUTEM цифрлық платформасын таныстырды, ал Өзбекстанның Су ресурстары министрлігі суаруды жоспарлауға арналған деректерге негізделген SRBISA жүйесін ұсынды. Сонымен қатар «Қазсушар» РМК, Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы және өңірлік әкімдіктер мамандары су бөлу тиімділігін арттыру, спутниктік мониторинг және цифрлық есепке алу бойынша тәжірибелік шешімдерді ортаға салды.

Талқылаулардың қорытындысы бойынша қатысушылар су ресурстарын басқаруда цифрлық технологияларды қолдану аясын кеңейту, өңірлік деректер мен трансшекаралық су пайдаланудағы озық тәжірибелермен алмасу, сондай-ақ кадрлық әлеуетті дамыту және мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру сияқты одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындады.

Бұл тренинг Мемлекет басшысы айқындаған негізгі стратегиялық басымдықтарды іске асыруға бағытталған. Негізгі назар ирригациялық инфрақұрылымды жаңғыртуға, су ресурстарын басқаруды цифрландыруға және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға аударылған. Ирригация мен су менеджментін цифрландыру – бұл жай ғана технологиялық үрдіс емес, ауыл шаруашылығы мен экономиканың жалпы тұрақты дамуына бағытталған қажетті қадам, – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *